Қала орталығындағы каналдарды тазарту жұмыстары басталды

396

Қала орталығын қиып өтетін каналдарды тазарту жұмыстары басталды. “ЛТД Тұрмыс” мекемесінің мамандары канал ішіне арнайы техника түсіріп, қыс бойы қордаланған қоқыстарды шығарып жатыр. Бұдан бөлек биылғы жылы Жаңашек каналының жағалауын бетондау жұмысы жүргізілетін болады.

Жағалауы қоқыс, түбі саз батпаққа малынып жатқан бұл Шымкент және Жаңашек каналдары. Кеңес Одағы кезінде қала аумағындағы егістіктерді суару үшін пайдаланылған. Соңғы жылдары канал арқылы көктем мен күзгі жауын шашынның суы ғана ағады. Жағалауына тұрғындар тығыз қоныстанғандықтан, қордаланған қоқысты жиі тазартуға тура келеді.

Ұлтай Ертаева, қала тұрғыны: “Біз 1973 жылдан бері осы жерде тұрамыз. Бұрын тазалық жақсы болатын. Су тоқтағалы тұрғындар бұл жағалауды қоқысқа айналдырды. Соларға бір шара көру керек, айыппұл салу қажет”.

Көктем келе “ЛТД Тұрмыс” серіктестігінің жұмысшылары екі каналдың басым бөлігін қолмен тазартты. Су басу қаупы бар деген аумақтарға бүгін арнайы техника әкелуге мәжбүр болды. Әмбебап алты техника Сайрам және Ж. Аймауытов көшелерінің аралығында жұмыс жасады.

Ербол Катенов, “ЛТД Тұрмыс” ЖШС -нің шебері: “Жаңашек каналында осы аумақ қауіпті. Ал Шымкент каналы үлкен, онда қауіп жоқ. Біз көктем келе қолмен 2,5 шақырым тазарттық”.

Шаһар басшылығы биылығ жылы Жаңашек каналының екі жағалауында бетондау жұмысын жүргізбек. Ол үшін бюджеттен 300 млн. теңге қаражат қаралап отыр. Нәтижесінде каналдың 3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Бюджеттен қаражат бөлініп, жоспарланған құрылыс аяқталса 11 шақырымдық Жаңашек канлалында су тасу қаупі сейіледі. Бұған дейін 2006 жылы каналдың 4,5 шақырымы бетондалған болатын.

Нұрлан Күдерұлы