Әділетсіздікке жол жоқ: Құқық қорғау – іс жүзінде

фото ШСБҚ

 

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – тек қағаздағы сөз емес, нақты әрекетке айналған дүние. Бұған қаланың әр ауданында болып жатқан өзгерістер мен сот-полиция жүйесінің жұмысы айқын дәлел.

Қарапайым тұрғын үшін құқық қорғау дегеніміз – ең алдымен қауіпсіздік пен әділеттілік. Соңғы уақытта бұл бағытта Шымкентте біраз тірлік атқарылды. Қалада мыңдаған бейнебақылау камералары орнатылып, көшедегі тәртіпке жауапты полиция нарядтары көбейтілді. Қоғамдық тәртіп бұзу, ұсақ қылмыстар, отбасылық жанжалдар – барлығы қатаң бақылауда.

Полиция мен сот органдарының байланысы да нығайған. Бәріміз білетіндей «бірі тек ұстайды, екіншісі шешім шығарады» деген көзқарас қазір ескірді. Енді олар – бірлесіп жұмыс істейтін, азаматтардың құқығын қорғайтын құрылымдар. Мысалы, қалада жаңа жүйелер енгізілуде. Жол-көлік оқиғасына тап болдың ба – сотқа барып уақыт кетірмей-ақ, оқиғаны сол жерде рәсімдеп, мәселеңді шешуге болады.

Ал ең маңыздысы – соттың қолжетімді болуы. Шымкентте арнайы қабылдау орталықтары, фронт-офистер бұрынғыдай аса қатты қажет емес. Қазір осының бәрін азаматтар электронды egov.kz порталы арқылы жүзеге асыра алады. Адам арыз түсірсе, ол көп ұзамай қаралып, жауабы да тез беріледі. Бұл бұрынғы ұзақ күтулер мен түрлі қиындықтардың артта қалғанын көрсетеді.

Әрине, кей жағдайларда заңды айналып өтіп, өкілеттігін асыра пайдаланатындар да табылады. Бірақ мұндай әрекеттер де жауапсыз қалмайды. Соңғы жылдары өз қызметін теріс пайдаланған бірқатар тұлғалар сот алдында жауап берді. Бұл – елдегі сот жүйесінің ашықтығын, бәрі заң алдында тең екенін нақты көрсетіп отыр.

Тағы бір маңызды мәселе – халықтың құқықтық сауаттылығы. Қазір тұрғындар өз құқықтарын бұрынғыдан жақсы біледі, заңсыздықты көрсе, үнсіз қалмайды. Полиция бөлімдерінде азаматтарға арналған арнайы қабылдау күндері өткізіледі. Қаламызда полиция мен патрульдік бөлімшелері жиі өткізетін Ашық есіктер күні де осыған дәлел. Қоғамдық ұйымдар да бұл істе белсенді: олар көмек сұраған әр адамның сөзін тыңдап, заң аясында қолдау көрсетіп келеді. Бұған тағы бір мысал, «Сана сезім» орталығы.

Осының бәрі – жай ғана статистика емес, шын өмір. Шымкентте адам құқығы қорғалуда. Бұл – бүгінгі шындық. Ендігі мақсат – осы қарқынды жоғалтпай, әділдік пен сенімді одан әрі нығайту.

Жанна Құрманбекова