Түнгі клуб жабылды

фото ШӨКҚ
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан Тұран ауданы, 8 м/а., Үркімбаев көшесі, №38 мекен жайда орналасқан нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында 2 қабатты нысанның функционалдық мақсаты заңсыз өзгертіліп, би үйрету залы және ойынхана үшін қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жұмыстарын жүргізіп, жер төлені түнгі клуб ретінде пайдаланылып келгендігі анықталды.
Меншік иесіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы Заңнама талаптарын сақтамай, рұқсат құжатын, жобалау құжаттамасы мен сараптаманың оң қорытындысын алмай және техникалық, авторлық қадағалаусыз құрылыс жұмыстарын жүзеге асырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің баптарымен әкімшілік айыппұлдар салынып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар басқарма тарапынан нысанның жұмысын тоқтату туралы нұсқама берілді.