Ашылғанынан, жабылғаны тез болды. «Зима» атауымен жұмысын бастаған түнгі клубтың кешкі дүбірі халықтың әбден мазасын алған. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар жаппай наразылыққа шығып, ойын-сауық орталығын жабуды талап етті. Билік халықтың дауысына құлақ асып, кәсіпкердің жұмысына тосқауыл қойды. Алайда, аталмыш орталық қайта ашылуы мүмкін бе?
Нұрсәт шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің маңында орналасқан түнгі клуб жабылды. Өйткені, бұл ғимарат бастапқыда әлеуметтік-мәдени тұрмыс обьектілерін жобалау мен құрлыс салу үшін алынған екен. Алайда, кәсіпкер нысанды ересектерге арналған түнгі клубқа айналдырған. Мұны құп көрмеген жергілікті тұрғындар, шу шығарып, айқайға басты.
Халықтың жан айқайына құлақ асқан жауаптылар, арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ғимараттың функционалдық мақсаты өзгертіліп, қайта жабдықтау арқылы реконструкциялау жұмыстары жүргізілгені мәлім болған. Сондықтан, кәсіпкер белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау құжаттарынсыз құрылыс жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, іс-құжаттары әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Досалы Амангелдиев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Зима» ойын — сауық орталығы бойынша, бұған дейін «Шахан» сауда үйін арендаға алғандарға кәсіпкерлерге аудан әкімдігі тарапынан түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Яғни, мұның нысаналы мақсаты, тұрмыстық мәдени обьектілері ретінде танылған. Осыны негізге ала отырып, қалалық орта сапаны бақылау басқармасына хат жазған болатынбыз. Осы мекеме реконструкция жасағанын хабарламағаны үшін, заң аясында жұмыс жасамағандықтан, ғимарат иесіне 1 млн. 200 мың теңге айыппұл салынды».
Ал, тұрғындар болса, заңсыз жұмыс жасаған түнгі клубтың жабылғанына қуанышты. Өйткені, ішімдікке сылқия тойып, түнгі тыныштықты бұзғандардан әбден шаршаған. Ашылғанына бірнеше күн болса да, мазаны алды деп налиды халық. «Егер, кәсіпкер қайта кәсібін дөңгелетуге әрекеттенсе, біз де қарап қалмаймыз» дейді.
Балжан Сұлтанқұлова, Қала тұрғыны: «Түнгі клубтың жабылғанына қуаныштымыз. Себебі, ашылатын болса, мастар жүреді. Бала-шаға көп. Бізбен санасқанын қалаймыз. Алдағы уақытта қайтадан ашылатын болса, халық болып, қайтадан көтерілеміз. Ашылған күні азанға дейін айқай шу болды. Біз өзіміздің болашағымыздан қорқамыз. Автотұрағы да кең емес. Машиналарын біздің аулаға қояды. Азанғы уақытта айдап кетіп бара жатты».
Кәсіпкермен байланыспақ ниетте, клубтың әлеуметтік желідегі парақшасын қарап көрдік. Бірақ, көрсетілген нөмірмен хабарласу мүмкін болмады. Ғаламтордағы парақшада нысанның бірнеше күн жұмыс істемейтіні ғана жазылған.
Нұргүл Жолымбетова