Мектепте оқып жүргенімізде қыздар жиналысы ұдайы ұйымдастырылып тұратын. Мұғалім апайларымыз тағылымы мол әңгіме айтатын. «Құлақтарыңа құйып алыңдар» деп ер азаматты сыйлау, отбасы жарастығы, келіндік иба жөнінде салихалы сұхбат құратын. Одан бөлек, қыз баланың тәрбиесі, этика, мәдениет, өзіңді қай ортада қалай ұстау қажеттігі туралы мол мағлұмат беретін. Ол кездері ажырасу аса өзекті мәселе емес еді. Сонда да болса отбасының іргесін сөгу жақсы емес екенін, қайтып келген қыздың жақсы аты болмайтындығы туралы көптеген мысалдар келтіретін. Сол айтылған өнегелі өсиет өмір жолымызда көп пайдасын тигізді. Әлі күнге дейін сол асыл апайларымызға алғысымызды айтамыз…
Біз тоғызыншы сыныптың табалдырығын аттағанымызда кластас құрбымның көршісі үйленді. Өте сымбатты жігіт болатын. «Алғаны қандай екен?» деген сұрақ бәріміздің көкейімізде тұрды. Расында алған әйелі өте өңсіз, мінезі де соған сай жайсыз болып шықты. Кластасымыз күнде жас келін түскен үйде кешкісін «концерт» болатынын, осы келін табалдырық аттағалы бері ол үйден береке кеткенін жыр ғып айтатын-ды. Ақыры сымбатты жігіттің бақыты баянды болмады. Келіннің шешесі келіп, «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деп алып кетіпті. Осы мақал-сымақты естігенде жағамызды ұстаған едік…
Кейін жоғары оқу орнына түскенде де ұлағатты ұстаздардың тәрбиесін көрдік. Сабақтан соң өмірден көрген, түйгендерін айтып, өмір жолымызға бағыт бағдар берді. Олардың да айтқаны отбасы бірлігін сақтауға саятын. Соның арқасында болар группалас қыздарымыздың барлығы да отбасын құрып, тату тәтті, берекелі әулеттің ақ жаулықты аналарына айналды. Бірде біреуі ажырасқан жоқ еді…
Тобымызда ең алғаш тұрмысқа шыққан қызымыздың тарихы тіптен қызық еді. Группалас қыздар арасында ең алғаш болып босаға аттаған сол болған соң бәрімізге тың жаңалық қой, біріміз қалмай тойына барып, бақыт тілеп қайттық. Күйеу жігіт біртоға, момындау көрінді. Қыздардың бірі «маймылдан сәл ақ әдемірек екен» деген-ді. Сол «әдемі» жігітіміз қырықтан кейін қылық ашып, қызық қылды. Группалас қыздарымыз балалы шағалы болып, той томалағымызға араласып, сыйластықты үзбедік. Келесі бір басқосуымызда әлгі «әдемі» жігіттің жары, біздің құрбымыз көзіне жас алды. «Ол мені тастап кетті» деді. Бәріміздің де төбемізден жай түскендей болды. «Мүмкін емес» деген сөз бәріміздің көзімізде жазулы тұр еді. Бұл құрбымыз өң десе өңі бар, бала десе баласын, қыз десе қызын туып берген, ағайын туысына жайлы, сондай жайдары-тын. «Неге, не үшін?» деген сұрақ бәріміздің көкейімізде тұрды. «Ия, солай болды…» деп әңгімесін бастады.
«Өзімнен де бар. Балабасты болып жүріп, одан қалса ағайын туысының жағдайын жасаймын деп жүгіріп жүріп, оған мүлде көңіл бөлуді қойыппын. Ол кеткенде барлық жүріп өткен өмір жолымды сарапқа салып, таразылап шықтым. Күйеу деген тек бала туып берсең кете алмайды деген шеңберге сыймайды екен ғой. Оған үнемі гүлді баптап өсіргендей күнделікті көңіл бөліп, көңілін аулап, жағдайын жасау керек екен. Жағдайын жасамадым деп айта алмаспын. Тамағы пісулі, киімі үтіктеулі, қонағы күтулі, баласы бағулы одан артық не керек деп ойлаппын. Үйдің тірлігі, балаларды бағу деп жүгіріп жүргенде ол өзін мүлдем назардан тыс қалдым деп есептейді екен. Күнделікті күйбең тірліктен шаршап, шалдығып, жастыққа басым тисе болды қорылдап ұйқыға кетеді екенмін. Ал ол менен жылулық күтіпті. Мен сол жылулықты бере алмаппын оған. Бір сәт жұмысын сұрап, не болып жатыр деген бір ауыз сөзімді де қимаппын ғой. Оған мұршам болды ма? Балаларын бақсам болды деп тек соны ойлап кетіппін. Бұлай болмайды екен ғой. Бар мейірім, бар жан шуағын ең алдымен күйеуге арнау керек екен. Әңгімесін жүре тыңдап, оның жанын түсінуден қалған екенмін…» деп әңгімесін күрсініспен аяқтады. Ауыр үнсіздік орнады. Оның жаралы жанын одан бетер тырнамайық деп сұрақ қоюға да бата алмадық…
«Айтпақшы, «маймылдан сәл ғана әдемірек» деген менің күйеуімнің таңдауын көрсетейін сендерге» деп әлеуметтік парақшасындағы суретін көрсетті. Әп-әдемі келіншек екен. Әрине жастау. Асқан бір артықшылығы жоқ әрі отбасылы еркекке неге аңсары ауды екен деген сұрақ туындады ғой. Жалғыздықтан жабығып жүргенінде кезігіпті. Содан бар мейір шапағатын төгіп біздің күйеу жігітті баурап алыпты. Дәмді тамақ, күнделікті массаж, одан қалса бұны қызықтыратын әңгіме дүкен құрып, өмірін мәнін кіргізіпті. Содан біздің күйеу жігіт бала шағасына да, жиырма жылдан аса сүйеніші болған әйеліне де қарамай бір күнде бәрін тастап кете барған ғой. Қайта оралар деген құрбымыздың үміті ақталмады… «Күйеуге көп көңіл бөлу керек екен» деген құрбымның сөзі құлағымда жаңғырып тұр әлі күнге дейін…
Г.Жұмаш

