Úı ANONS Қала әкімінің көшпелі кездесуі жалғасып жатыр

Қала әкімінің көшпелі кездесуі жалғасып жатыр

Қала әкімінің көшпелі кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін мегаполис басшысы Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен жүздесті. Халық әлеуметтік мәселелермен қатар, жеке сауалдарына да жауап алды.

 

Қошқар ата өзенінің жағасы бүгін адамға лық толды. Қала әкімінің кездесуі Қабанбай батыр даңғылынан бастау алып, көпшілік өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Айгүл Нұржігітова қасиетті Қошқар ата өзенінің тазалығы мәселесін көтеріп, бұл жерде шомылудың орынсыз екенін ашық мәлімдеді.

 

АЙГҮЛ НҰРЖІГІТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Мына жерде кішкентай ғана кесене болған. Құран оқытылып. Тәртіп болған. Ал қазір адамдар келіп, шешініп шомылып, ысқышпен жуынады. Ластап, құсықтың бәрін қоқыстарды тастайды. Темекі шегеді. Білгендерін істейді»

 

Көтерілген бұл сауалға мегаполис басшысының өз жауабы болды. Шаһар басшысы өзен маңындағы тазалықтың талапқа сай екенін алға тартты. Сонымен қатар, ол қоғамды ескі ұстанымдарға байланып қалмай, жаңашыл ойлауға шақырды.

 

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Мы вообще должны отходит от архаизма. Басымызды ұрып, киелі киелі деуге болмайды. Тазалық бар. Тазалықты сақтайтын қызметкер бар. Сеніңізші. Ал темекі шегіп, арақ ішуді мы пресекаем по закону».

 

Жұртшылық тек мәселелерді көтеріп қана қоймай, тың бастамаларымен де бөлісті.  Олар – жексенбіні «Велосипед күні» деп белгілеуді ұсынды. Тұрғындар мұндай бастама қала халқын белсенді өмір салтына баулуға мүмкіндік береді деген сенімде.

 

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Әкім мырза базар күні Шымкентте жексенбі күні велосипед күнін істейік. Сонда елдің бәрі велосипедпен жүреді. Мен 10 жасымнан велосипед айдаймын. Қазір 86-дамын. Аурудың не екенін білмеймін».

 

Ғабит Сыздықбеков бұл ұсынысты бірден қолдады. Ол тіпті, қалада салынған жаңа жолдардың бұл бастамның жүзеге асуына қолайлы жағдай жасайтынын да атап өтті.

 

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ,  ҚАЛА ӘКІМІ: «Бір жексенбіні өткізіп көрейік. Жаңа жолдар салдық қой иподромға дейін»

 

Жалпы кездесу барысында тұрғындар негізінен жеке мәселелерін көтерді. Әсіресе баспана мәселесі жиі айтылды. Тұрғын үй кезегіне қатысты сауал қойған азаматтарға пәтерлердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес және кезек тәртібімен берілетіні түсіндірілді.

Лаура Бабас