Úı ANONS Көші-қон заңнамасын бұзған Африканың тұрғыны өз еліне қайтарылды

Көші-қон заңнамасын бұзған Африканың тұрғыны өз еліне қайтарылды

фото ТОПД

 

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қонның алдын алу, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзу фактілерін анықтауға бағытталған шараларды күн тәртібінен түсірген емес.

Осы бағыттағы кезекті тексеріс кезінде Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде біліктілігіне сәйкес емес қызмет атқарған шетелдікті анықтады.

Аталған 31 жастағы африкалық азаматқа қатысты «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР-ның халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бабымен шара көріліп, сотпен елден мәжбүрлі түрде шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Алайда шетелдік ер адам соттың шешімін орындаудан жалтарған. Облыс полицейлерінің жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде құқық бұзушы Шымкент қаласынан анықталды.

Осыдан соң мигрант Қазақстан Республикасынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Полиция қызметкерлері ер азаматты әуе рейсімен өз еліне жіберді.

Өңірдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шетелдік қонақтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға және ел аумағында болудың белгіленген ережелерін бұзбауға шақырамыз.