Бүгін мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды шаралардың бірі – мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Алаңға жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жиналып, талапкерлерге өз оқу бағдарламалары мен қабылдау талаптарын таныстырды.
Шымкентте мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Мұнда жоғары оқу орындары мен колледждер бір алаңда бас қосып, талапкерлерге қажетті ақпараттың бәрін ұсынды. Түлектер оқу орындарының өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп, өздерін қызықтырған мамандықтар туралы жан-жақты мәлімет алды. Тіпті, өзіне ұнаған оқу ордасына құжат тапсырды.
МУНИСАР РАУШАНБЕКОВА, ТАЛАПКЕР: «Барлық ақпаратты осы жақтан ала алдым. Уақыт үнемдедім, бұл жақты мен тикток, инстаграм желісінен көп көретінмін. Осы жақ ұнады маған. Колледж мамандықтар туралы айтты маған. Барлығы ұнады. Құны жағынан маған қолайлы болып тұр»
Бүгінгі жәрмеңкенің ауқымы да ерекше. Бір алаңға 8 жоғары оқу орны мен 33 колледж жиналды. Ұйымдастырушылар мұндай көлемдегі шараның алғаш рет өткізіліп отырғанын айтады. Бұл талапкерлерге бірнеше оқу орнын араламай-ақ, қажетті ақпаратты алып, болашақ оқу орнын таңдауға және құжат қабылдау талаптарымен танысуға мүмкіндік берді.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Осындай мүмкіндік ата-анаға да, талапкерге де ыңғайлы болады екен. Себебі қазір баршасына жеке-жеке барып қайтуға, 13-нен 19-не дейін үлгермеуі мүмкін. Онлайн тапсыруға мүмкіндік бар екенін білсе, оған көпшілігі қол жеткізе алмайды, бұндай шараларды алдағы уақытта маусымдық ретінде ұйымдастыруға ниеттіміз. Осындай жобаларды әкімдікпен бірлесіп, осындай колледж, оқу орындарымен бірлесіп жасайтын боламыз»
Жәрмеңке оқу орындары арасындағы өзара бәсекені де көрсетті. Әр білім ордасы талапкерлерге өз мүмкіндіктерін ұсынып, білім сапасы, тәжірибелік оқыту және жұмысқа орналасу көрсеткіштері жөнінде кеңінен ақпарат берді.
БАХАДИР АКРАМШИКОВ, «САЙРАМ» МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Басты бізге пайдасы — біріншіден сапалы түлектерді мамандығы бойынша қабылдау болып табылады. Қызығушылық білдіріп, сонша колледждің арасынан өз таңдауын жасауы біз үшін үлкен жетістік болып табылады»
Осылайша Мамандықтар жәрмеңкесі талапкерлер үшін білім беру ұйымдарымен тікелей байланыс орнатуға, қажетті ақпарат алуға және болашақ кәсібін таңдауда нақты шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың саналы таңдау жасап, білікті маман болып қалыптасуына оң ықпал ететінін айтады.
Лаура Бабас

