Úı ANONS Неге Шымкентті «Жасыл қала» деп атайды?

Неге Шымкентті «Жасыл қала» деп атайды?

Шымкентті Қазақстандағы ең жасыл қалалардың бірі деп бекер атамайды. Бүгінде мегаполисте төрт миллионға жуық ағаш отырғызылған. Жыл сайын жаңа саябақтар мен гүлзарлар ашылып, көгалдандыру қала дамуының басым бағыттарының біріне айналған. Заманауи Шымкент өзінің тарихи атауына қаншалықты сай келеді? Оңтүстіктің аптап ыстығына қандай ағаштар төзімді? Жасыл желек қала тұрғындарын қалай қорғайды?

 

Шілденің шіліңгір күнінде жасыл желек  ыстықтан арашалап қалады. Яғни, қаладағы  ағаштар жай ғана көгалдандырудың элементі емес, қырық градустық ыстықтан қорғайтын табиғи қалқан. Сондықтан да көптеген тарихшылар Шымкент атауын «жасыл қала» деп атайды. Яғни, үшінші мегаполис бүгінде еліміздегі ең жасыл қалалардың бірі саналады. Қала аумағында 3 миллион 800 мыңға жуық ағаш өседі. Оның 1,5 миллионы көшелерде, саябақтар мен гүлзарларда орналасса, тағы 2 миллион 200 мыңнан астамы қаланы қоршаған орман белдеуін құрайды. Көгалдандыру көлемі бойынша Шымкент Алматыдан кейінгі екінші орында.

 

Қаланың атауының өзі табиғатпен сабақтас. Кең таралған болжамдардың біріне сәйкес, көне түркі тіліндегі «шым» – қалың шөп, көгал деген мағынаны білдірсе, «кент» – қала. Яғни, «көгал арасындағы қала». Ғасырлар өтсе де, Шымкент осы атауына сай болуға ұмтылып келеді.

 

ВЛАДИМИР ПРИВАЛОВ, ӨЛКЕТАНУШЫ: «Қала атауының шығуына қатысты түрлі нұсқалар бар. Олардың көпшілігі саяхатшылардың жазбалары мен тарихи деректерге негізделген. Біріншіден, Шымкент Қошқарата өзенінің бойында орналасқан. Кез келген қала өзен жағасында бой көтерсе, ол жердің жасыл желекке бай болуы заңдылық. Оның үстіне, қала тау етегіндегі табиғи ойпаңда орналасқан. Тағы бір болжам бойынша, Ұлы Жібек жолымен келе жатқан саяхатшылар қалаға жақындағанда, олардың көз алдына кең-байтақ жасыл алқап ашылған. Сондықтан қаланың атауы да осы табиғи ерекшелігімен байланысты болуы мүмкін»

 

Алайда оңтүстік өңірдің табиғатында жасыл қаланы қалыптастыру оңай емес. Жаз мезгілінде ауа температурасы көбіне 40 градустан асады. Сондықтан көгалдандыруда ыстық пен құрғақшылыққа төзімді ағаш түрлері таңдалады. Шымкенттің басты символдарының бірі – қарағаш. Ол қаланың жасыл белдеуінің негізін құрайды. Ал ғасырлық платандар ескі көшелерді көлеңкеге бөлеп, тұрғындарға сая сыйлап келеді. Сонымен қатар қалада шаған, емен, үйеңкі, қараған, софора және қылқан жапырақты ағаштардың бірнеше түрі өсіріледі.

 

 

Жасыл қорды сақтау үшін қалада ағаштарға тұрақты күтім жасалады. Автоматтандырылған суару жүйелері жұмыс істейді. Ал жаңа саябақтар мен гүлзарлар өңірдің климаттық ерекшеліктері ескеріліп жобаланады. Соңғы бір жылдың өзінде Шымкентте 150 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, ондаған жаңа гүлзар пайдалануға берілді.

 

Бүгінде Шымкентте әр тұрғынға шамамен үш ағаштан келеді. Дегенмен мамандар үшін маңыздысы – тек жаңа көшет отырғызу емес, бар жасыл желекті сақтап қалу. Өйткені көлеңкелі көшелер, саялы саябақтар мен ғасырлық платандар – Шымкенттің айрықша келбетін қалыптастыратын басты құндылықтардың бірі. Сондықтан Шымкент бүгінде де өзінің тарихи атауын толық ақтап келеді. Бұл – жасыл желекке бөленген, табиғат пен қалалық өмір үйлесім тапқан шаһар.

Нұргүл Жолымбетова