Әмеңгерлік – әулет қалауы

1494

Қазақ халқы «әмеңгерлік» заңын қатаң ұстағаны тарихтан белгілі. Әмеңгерлік – жесір қалған әйелді ақсақалдардың кеңесімен қайтыс болған күйеуінің жақын бауырларының біріне өз қалауы бойынша тұрмысқа беруі. Ертеде жесір әйелдер: «Ерден кетсе де, елден кетпек жоқ» деген қағидаға бағынған. Жесір әйел рұқсатсыз ешқашан басқа бір ауылға көшіп кетпеген немесе басқа жаққа тұрмысқа шықпаған. Мұның да өз мән-маңызы бар. Біріншіден, әйел де балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді. Ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қиындық көрмейді. Бұл салттың түбінде жесір ана арқа сүйер қорғанынан айырылғанда «қамқорсыз қалмасын, балалары жетімсіреп, әке мейірімі мен тәрбиесінен ада өспесін» деген үлкен жауапкершілік жатыр. Жетімін қаңғыртпай, жесірін жылатпау үшін атқарылған әмеңгерлік салты бүгінде жалғасын тауып жатыр.

«Әмеңгерлік салттан туған ұл-қыз өз жұртынан алыстамайды»

Әңгіме басын әмеңгерлік салтымен екінші рет шаңырақ көтерген отбасының оқиғасымен басталық. Кейіпкеріміз Салтанат сұқбатында нағашы атасының өз жеңгесін әмеңгерлік жолмен қалай екінші әйелдікке алғанын айтып берді.

Салтанат: «Нағашы атамның есімі – Мәлік. Түсінігі мол сабырлы адам болған. Тағдыр жазуымен өзі қатарлас туысқан ағайыны қайтыс болғанда ауыл ақсақалдары «жетімді жылатпаған, жесірді қаңғыртпаған халықпыз» деп бір ұлымен жесір қалған жеңгесін әмеңгерлікпен тоқалдыққа алуы-на қолқа салған екен. Көзі ашық атам бұл шешімді қолдағанымен алдымен әйелінің (әжем) пікірін білуді жөн санайды. Ағайындары да әжемді аттап кетпеген. Бәрі жиналып келіп, келісімін сұраған. Әжем өте мейірімді, ақылды әрі ақкөңіл жан еді. Қазақтың салт-дәстүрін ерекше құрметтейтін. Көрегендігі болар өз рұқсатын беріпті»
Салтанаттың әңгімесінен білгеніміз – атасының екі әйелі бір шаңырақ астында тұрмағанын. Мұндағы себеп, атасының екінші әйелі тірлікке пысық, епті, ашық жарқын кісі болыпты. Бес балалы бәйбішенің отбасына салмақ салмай, өзі бөлек шаңырақта тұрған. Уақыт өте келе атасы тоқалынан да екі перзент сүйіпті.
«Менің анам – атамның тұңғышы. Кішкентай кезімде нағашы атамның ауылына жиі баратын едім. Сол кезде екінші апамыз қыздарымен бірге қыдырып келетін. Бір қызығы – екі апамыз аттас еді. Сол үшін «екінші апа» деп атадық. Әжемнің екінші апам келгенде, қазан көтеріп, ет асып, жақсылап күтіп алатыны есімде. Анамның төрт інісінен соң өз шешесінен тағы үш сіңлісі, екінші апамыздан екі сіңлісі болды. Әлі есімде: дастархан басынан тұрған соң, екі апамның тетелес қыздары атамды бөлісе алмай ұрысып та қалатын еді. Бұл әкелерін балалықпен бір-бірінен қызғану екенін кейін түсіндім ғой. Ал қазір екі ананың балалары бірін-бірі бөліп жармайды. Тату-тәтті. Анам сіңлілері мен інілерін бірдей көреді. Барлығының береке-бірлігі жарасқан, тату-тәтті қатынасады. Өкініштісі, о кез Кеңес заманы еді. Анамның айтуынша, атам тоқал алған соң қатты қудаланған екен. Қызметінен төмендетіліп, кейін де қызметтік сатымен жоғарылауына мүмкіндік болмаған. Бірақ бұған өкінген ешкім жоқ, есесіне әмеңгерлік салттан туған ұл-қыз әрдайым өз жұртында болады, алыстап кетпейді»
Осылайша, «әмеңгерлік салтынан екі апамның және балаларының өміріне пайдасынан басқа зиян болмады» деген Салтанат қазақ халқының бұл дәстүрін аса қатты қадірлеп, қастерлейтінін айтады.

«12 ЖЫЛ АТА-ЕНЕММЕН АРАЛАСПАЙ ҚОЙДЫМ»

Келесі кейіпкеріміз Айдана (аты өзгертілді) күйеуінің әмеңгерлікпен екінші рет үйленгелі жатқанында төрт баласы болған. «Әуелде ата-енем мен күйеуіме қатты ренжідім, бірақ балаларым үшін күйеуімнен ажырап кете алмадым» деген Айдана оқиғаны былай баяндап берді.
«Бір күні «қайынағам қайтыс болды» деген қаралы хабар алдық. Қайнағамның бір ұл, екі қызы бар, бақытты отбасы еді. Арада көп уақыт өтпей ата-енем күйеуіме жеңгесін яғни абысынымды әмеңгерлік дәстүрімен екінші әйелдікке алуын өтінді. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Қатты қиналдым. Алайда, күйеуім «ағамның балаларын әкесіз өсіргім келмейді» деп жеңгесін екінші әйелдікке алды. Сол кезден бастап, ата-енеммен сөйлеспей, бөлек шығып кеттім. Олармен еш араласпай қойдым. Тек балаларым үшін күйеуімнен ажыраспадым. «Неге ол екінші әйел алды?» деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Мен оған ұл да қыз да туып бердім. «Неге ол бұл қадамға барды?» деген ой маза бермеді. Арада біраз уақыт өтті, біз тағы үш балалы болдық. Бірақ ол жеңгесін тастап кетпеді» деп ағынан жарылған Айдана алғашында қайынағасының балалары мен өз балаларын араластырмапты. Алайда, уақыт өте келе балалардың бір-бірімен араласуына тыйым сала алмағанын айтады.
«Күйеуім оларды үнемі «Сендер бір үйдің балалаларысыңдар, тату-тәтті болуларың керек. Бір-біріңді жақсы көріңдер. Ешқашан ұрыспаңдар» деп бірлікке шақырып отыратын. Балалар бір-бірімен өте жақсы араласып кетті. Бір үйдің баласындай жүрді. Тіпті уақыт өте келе біздің үйден шықпайтын болды. Әкелерін көргісі келіп тұратын. Мен олардың сондай бауырмал екендерін көріп, араларын алшақтату дұрыс емесін түсіндім. Дегенмен екінші әйелін көргім келмейтін. Осылай кек сақтап жүргенімде арада 12 жыл өтіп кетіпті. Ата-енеммен де сөйлеспей жүргенімде осынша уақыт зымырап өте шыққанын байқамай да қалдым. Менің ойымды өзгерткен – екі ананың балалары. Күйеуім балаларға жаман қарамайтынымды көріп, екінші әйелімен араласуға қыспақтамады. «Уақыт өте түсінесің» деп қана айтып жүрді»
Балалардың бірлігін көрген ана олардың ортасына түсуді жөн көрмеген. Араға 12 жыл салып ата-енесінен кешірім сұраған Айдана олардың кешірімін алған. Үлкендер жағы да Айданаға түсіністікпен қарағанын айтады. Ол алдағы уақытта күйеуінің екінші әйелімен де араласқысы келеді.
«Ақмарал (есімі өзгертілді, күйеуінің екінші әйелі) күйеуіме тигеннен кейін бала көтермеді. Жасы келіп қалғанынан болар. Ол да бұл қадамға балалары үшін барды. Қазір түсінемін. «Егер кезінде үлкендер жағы әмеңгерлікпен Ақмаралды жолдасыма алып бермегенде кім білсін?! Балалары әке мейірімін көрмей өсер ме еді?! Қазіргідей береке бірлігі жарасып жүрер ме еді?!» деп ойлаймын. Осынша уақыт маған түсіністікпен қарап, өзім бәрін түсінгенімше жайыма қалдырған ата-енеме, жолдасыма алғысым шексіз. 12 жыл аз уақыт емес. Дегенмен менің бәрін түсінуіме де осындай уақыт керек болған шығар. Бүгін мен балаларымыздың осындай тату-тәтті болғанына қуанамын»

«САҒАН ТИМЕЙМІН» ДЕП ҮШ РЕТ ҚАЙТАРДЫМ»

Үшінші кейіпкеріміз Әсел (аты өзгертілді) күйеуі қайтыс болғаныда бір баласымен жастай жесір қалған. Ол небәрі 24 жаста еді. Жолдасының жылдық асын бергеннен кейін, енесі одан қайынінісіне әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуын өтінген екен. «Сол сәтте төбемнен шелекпен біреу мұздай су құйып жібергендей болды» деген ол сол үйде бір сәт те тұрақтай алмай, төркініне кетіп қалыпты.
«Енем біраз уақыт қайнымды көндіріп жүрген екен. Оның рұқсатын алғаннан кейін маған айтты. Мен қатты ренжідім. Баламды алдым да үйіме кеттім. Алайда олар үйге келіп, қолқа салды. Ата-анамнан рұқсат сұрады. Менің әке-шешем шешімді маған қалдырды. Қайным үш рет келді. Мен оны үш рет қайтарып жібердім. Соңғы келгенінде «бұл соңғы келуім, ойыңды өзгертпесең енді келмеймін» деді. «Ең бастысы баланың жағдайын ойлауымыз» керек деді. Мен ойлана келе келісімімді бердім. Осылайша біз некемізді қиып ерлі зайыпты болдық»
Бүгінде Әсел мен Асан – төрт баласы бар бақытты отбасы. Ағасынан қалған ұлы да Асанды өз әкесі деп біледі. Өйткені әкесі көз жұмғанда 1 жасар сәби болған. Ал Әсел кезінде дұрыс шешім қабылдағанына қуанады.
«Егер сол кезде рұқсат бермегенімде уақыт өте келе басқа біреуге тұрмысқа шығар ма едім? Ол адам баламды өз баласындай қабылдамайтын ба еді? Қазір балам – өз жұртында. Өз елінен алыстамады. Мен де өзім әуелде келін болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырудамын. Сол үшін шүкіршілік етемін»,-дейді Әсел.

Көне салтқа әркімнің бар айтары

Ғалия Бану Абылаева, қала тұрғыны:
– Бұрын әмеңгерлік дәстүрі дұрыс шешім болса, болған шығар. Ал қазір заман басқа. Бүгінде бұл дәстүрді көпшілік қабылдайды деп ойламаймын. Әсіресе, жастар жағы. Бұрынғыдай емес, жесір әйелге үкіметтен көмек бар. Сондай-ақ қазір әйел заты сауатты. Оқиды, білім алады. Өзі жұмыс істеп, бала-шағасын асырай алады. Күйеуінің отбасы мен балалары араласып, қарым-қатынасты үзбей, туысқандары қамқорлық көрсетсе болды ғой. «Өмірден өткен жолдасының ағасы немесе інісімен қайта бас қосуды «жабайылық» деп ойлаймын. Одан да әйелдер жаңа өмір басап, күйеуінен қалған ұрпағын жетілдіргені дұрыс.

Нұршат Төкен, қала тұрғыны:
– Асы жоқ алтын аяқтың, алтынын ал да отқа жақ» демекші, салт-дәстүр, мәдениеттің де заман ағыны, өркениет көшімен екшеліп, еленіп жататыны заңдылық. Сондықтан ескіліктен келе жатқан «Әмеңгерлік» салтына да бүгінгінің бөркін кигізген жөн секілді. «Әмеңгерлік» әуелі жетім қалған баланың босбелбеу, жігерсіз ұрпақ болып қалмауы үшін қажет. Әрине, тек ер-әйел қос тараптың ортақ келісімімен жүзеге асырылған жағдайда ғана. Сосын, «Көңілдестік», «ойнастықтың» алдын алады. Бүгінде некесіз қатынастың салдарынан қоғамда «шаталар» қаптап барады. Әкесіз өскен ұрпақтың мінезі де ұяң. Әрине, бұл арада ана тәрбиесінің маңызын жоққа шығарып отырған жоқпыз. Дейтұрғанмен өмір өз жаратылысымен ғана мәнді, мазмұнды.
Қазақ даласында әмеңгерлік салты сөз болса, еске, «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің інісі Сансызбайдың жеңгесін алып кетуі түседі.
Бұл салт қосақсыз қалған жесір мен қорғансыз қалған ұрпақтың өз жұртында қамқорлық көріп өсуіне септігін тигізері анық. Бұл туралы Ғалым Әлкей Марғұлан өз еңбегінде өлкетанушы Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы күндері Жетісуда, Тезек төренің ауылында сырқаттанып жатып жазған соңғы хатының мәтінін келтіреді: «Айсары (Шоқанның әйелі) менен кейін жалғыз қалды, оны бұл жерде қалдырмай елге алып қайтыңдар, бар жүректеріңмен қуаныш беріңдер» дейді Шоқан. Кейіннен Шоқанның інісі Жақып Жетісуға 25 кісімен барып, жеңгесі Айсарыны Сырымбетке алып келді. Сондықтан, қоғамда көп бой көтеріп жатқан, небір әрсі әрекетердің болмауы үшін әмеңгерлік салты керек деп ойлаймын. Бұл өзектілігін жоғалтпайды.
Қазақ халқы ерінен айырылған әйелдiң ел арасында жаман атын шығармай, көзге түрткі қылмай, баласына жетімдік тауқыметін тартқызбау мақсатында әмеңгерлiк салтын тұрмысқа ендірген. Тіпті Қазақ хандығы тұсында «Жеті жарғы» заң нормасында жесірді елден кетірмей, бақилық болған күйеуінің туысына қосуды міндеттеген. Бұл да ұлттың даналығынан болар.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №20, 16 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті