«Рухани жауһарлар» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

240

Шымкентте «Рухани жауһарлар» республикалық дәстүрлі ән және терме байқауының жеңімпаздары анықталды. Жүлдегерлерді шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары марапаттады. Дүбірлі додада Молдамұсаның «Түзу терек» термесін орындаған Руслан Ахинбеков «Гран при» иегері атанып, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады.

Руслан Ахинбеков, «Гран при» иегері: «Мен терме жанры бойынша сайысқа қатыстым. Оңтүстік өңірдің мақамында өнер көрсеттім. Өте қуаныштымын, барша ұйымдастырушыларға қазылар алқасына рақметімді айтамын. Дәстүрлі өнер өшпесін, өркендесін».

Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген дәстүрлі өнер дүлдүлдерінің ішінде 12 қатысушы жеңімпаз атанып, қомақты қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді. Қазақ фольклорын дәріптеуді мақсат еткен жарысқа өңірлерден 32 өнерпаз қатысып, 200-ге тарта туындыны көрермен назарына ұсынды.

Ал айтулы дүбірлі доданы ұйымдастыру ісіне ерекше атсалысып, үміткерлердің өнерін бағалаған қазылар алқасына қала әкімінің алғыс хаты табыс етілді.

Әсел Мәлік