Шымкентте «Жастардың мансабын дамыту» жобасы қолға алынды

1150
Жастар киіз басу өнерін меңгеріп жатыр

Ұлттық ою-өрнектер. Киіз басу өнері. Қолөнер. Халқымыздың төл туындыларын жаңғырту жолында «Жастардың мансабын дамыту» жобасы қолға алынды. 14 пен 24 жас аралығындағы замандастарымыз бар зейінін салып, ұлттық өнерді үйреніп жүр. Бұған дейін қаламыздағы мектептер мен көпбалалы отбасылар арасында және аудандардағы балалар үйінде өткен қолөнерге баулу сабақтары бүгін осында – жасөспірімдер үйінде жалғасын тапты.

Аида
Аида Бакасова киіз басу өнерін дамытпақ

Аида Бакасова, ОҚО жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі: «Мен алғашында киіз деген дүниені апаларымыздың қолынан көретінмін, олардың ұршық иіріп, тоқыма тоқуын да сол ауылда көруші едім. Енді өзім де киізбен жұмыс жасап отырмын. Әрине, алғашында түсінбей жүрдім. Қазір, тіпті, үйірмеден кеткім келмейді. Көп нәрсе жасауды үйрендім, киізден, тіпті, ұлттық нақыштағы сөмкелер, шашбаулар, түрлі сәндік бұйымдар жасауға болады. Сондықтан мен әлі көптеген жасалым түрлерін оқып-үйреніп, болашақта кәсібімді осы саладан ашқым келеді».

Қолөнер сабағы өңірімізде ағымдағы жылдың 17-шілдесінен басталған. Содан бері киіз басудың , оның ішінде түрлі ұлттық дүниелерді жасауды үйреніп жүргендердің қарасы қалың.

Жас қолөнершілердің еңбегі
Жас қолөнершілердің еңбегі

Рыскүл Бекталиева, ҚР қолөнершілер Одағының мүшесі, киіз басу өнерінің бапкері: «Басында жастар жүнге үрке қарады. Қазір үйренді. Қызығушылықтары пайда болды. Өздері жасаған бұйымдар арасынан біздің қорға бірнешеуін өткізуі керек. Бір қызығы, жастар қолөнер бұйымдарын бізге беруге қимай жатыр. Бұл – олардың өнерге деген махабатты. Жастар болған соң мұндай жағдайлар жиі кездеседі».

Албина
20 жасар бойжеткен Айзада Сейілбек киізден түрлі сөмкелер мен әшекей бұйымдарын жасап отыр

«Жастардың мансабын дамыту» жобасының жүзеге асырылуын қадағалап жүрген «Экономикалық және азаматтану, білім беру интеллект» қоғамдық бірлестігі айтулы қолөнерді үйретіп қана қоймай, өнерге машықтанған жас мамандардың кәсібін дөңгелетуге қол ұшін бермек. Яғни киіз өнерін баптауға үйренгендердің осы саладағы кәсіпкерлікті қолға алуына мүмкіндігі мол.