Оңтүстікте «Автобус» және «Табиғатты қорғау» рейдтері өтті

255

Оңтүстікте жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 10-13 наурыз аралығында әртүрлі құқық бұзушылықтың алдын алу мен оны болдырмау мақсатында «Автобус» рейдін ұйымдастырды.

Профилактикалық шара қоғамдық көліктегі жүргізушілер арасында тәртіпті сақтап, қалааралық жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға бақылау жасап, сондай-ақ, заңсыз тасымалды болдырмау мақсатында өтті.
Шара нәтижесінде құқық қорғаушылар қоғамдық жол тәртібін бұзған 480 жүргізушіні анықтады.

Оның ішінде 29 жүргізуші жылдамдықты асырып, жауапкершілікке тартылса, 2 азамат қарсы жолаққа шыққаны үшін жазаланды. Ал 29 жүргізуші жолаушылар тізімі болмағаны үшін айыпталса, көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланудың 116 фактісі тіркелді. 12 жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағында жол бермеген.

"Табиғатты қорғау" рейді

Бұдан бөлек полицейлер «Табиғатты қорғау – 2016» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды. Жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімінің қызметкерлері жүргізген 3 күндік рейд барысында табиғатты қорғау заңнамаларын бұзуға қатысты 12 экологиялық қылмыс анықталған.

Оның ішінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану, балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алғаны және ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу жайттар анықталды.

Мысалы, 12 наурыз күні Сарыағаш ауданында полицейлер табиғатты қорғау инспекторларымен бірлесе жүргізген рейд кезінде 1987 және 1993 жылғы 2 тұрғынды ұстады. Олар Сырдария өзенінде заңсыз балық аулаған. Тәртіп сақшылары аңғақты зат ретінде ұсталғандардан қайық, балықшы қармағын және заңсыз ауланған 70 келі балықты тәркіледі.

Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 335-бабымен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар іс-шара нәтижесінде 74 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 140 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.