ОҚО-да жастар атысып, бір бозбала көз жұмды

447

Оңтүстік Қазақстан облысында 19 жастағы жас жігіттер арасында орын алған ұрыстың соңы қайғылы жайтпен аяқталды. Балалардың бірі шолақ мылтықпен екі бозбаланы атып салып, соның салдарынан олардың бірі көз жұмған, екіншісі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліпті. Бұл жайында ОҚО ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқыс оқиға Сарыағаш ауданында орын алған. Екіжақты ерегіс салдарынан атылған оқ бір жігіттің өмірін қиса, екіншісін ауыр жаралады. Бұл жайында тәртіп сақшыларына жараланған жас азаматтың өзі айтқан. Оның сөзіне сенсек, жолдасы екеуі үйде отырған сәтте төрт жас жігіт есікті ұрған. Есікті ашуға екеуі бірге барыпты. Біраз әңгімеден кейін «қонақтармен» ерегіскен бұл екеуін әлгілердің бірі атып салған.

Тексеру барысында белгілі болғандай, қолын қанға малыған күдіктілер жергілікті тұрғындары, әрі жәбірленгендермен бір мектепте оқыған азаматтар болып шықты. Басты себеп – бұрыннан келе жатқан өзара ерегіс. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер тергеліп жатыр. Олардың төртеуі де 1994 жылы дүниеге келгендер.