Исахов ісі: Тағы бірнеше куәгердің сөзі тыңдалды

22

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Мақсұт Исаховқа лауазымды тұлғаға аса ірі көлемде пара бермек болды деген айып тағылған еді. Соттың бүгінгі отырысында қомақты қаражатты келісілген орынға апарған азамат пен қабылдап алған дүкенші қыздан сұрақ-жауап алынды.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бүгін Исаховтың Сарбасовқа пара беруі кезінде тапсырма орындаған болуы мүмкін деген азамат пен дүкен сатушысы сотқа куәгер ретінде шақырылды. Нұрдәулет Ермахан сотқа қорғаушысымен бірге келді. Сөзінше оның Дихан есімді досы қара қағаз қораптағы затты дүкенге жеткізіп беруді сұраған екен. Ол қалта ішінде 200 мың доллар салынған. Алайда куәгер оның ішінде не болғанын білмейтінін жеткізді.

«Маған шкафта тұрған пакетті көрсетті. Осыны бір жерге апарып тастау керек деді. Болды деп ары қарай жұмыс істей бердік. Одан кейін кешке қарай хабарласты. «Метро» жаққа кел деді. Ол жаққа бара жатқанда мешітке кел деп хабарласты. Мешітке барғанда мекен-жайды түсіндірді. Пакетті «Шолпан» деген магазинге апарып тастадым да қайттым жұмысқа.

– Пакеттің ішінде не бар екенін білдіңіз ба?

– Жоқ.

  • Пакет жеңіл ма еді? Ауыр ма еді?
  • – Жеңіл болды. Салмағы қанша келі екенін айта алмаймын, бірақ жеңіл болды» – дейді куәгер Нұрдәулет Ермахан.

Ақшаны дүкенге апарып берген Нұрдәулет Ермаханның сөзінше, Дихан есімді азамат оған уақытша басқа қалаға кету керек екенін айтқан. Қолына 200 мың теңге ұстатқан ол, өзі берген қалта телефонын сөндіруді де сұраған. Осылайша Нұрдаулет Ермахан бірнеше шаһарға орын ауыстырып, кейін тамыз айында Астанада жүрген жерінен табылған.

«Сол күні кешке інімді оқуға түсіру үшін Алматыға кеттім. Жолда Дихан хабарласып, 1-2 күн ақ-қарасы анықталғанша сонда бола тұр деді. Дихан досым болған соң тыңдадым. Алдындағы пакет бойынша деді. Сонсоң өзінің айтуы бойынша Алматыдан Қарағандыға бардым. Кейін Астанаға бардым» – дейді куәгер Нұрдәулет Ермахан.

Ал екінші куәгер ретінде ақша салынған қара қағаз қорапты алып қалған қыздан жауап алынды. Аида Тасболаттың сөзінше затты иесінің атын айтып тастап кеткен. Сондықтан ештеңеден күмәнданбапты. Араға көп уақыт салмастан айғақ затты алуға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары келген көрінеді.

«Затты алып келгенде «Шолпансың ба?» деді. Әдетте тасымалдаушылар заттарды солай алып келіп қалдыратын болған соң, «иә» – дедім. Шолпан әпке де солай айтуыма рұқсат берген. Сөйтіп алып қалдым. Сіздікі ме? – деп Шолпан әпкеге звондап сұрадым. Ол «жоқ» – деді. Сәлден соң «тұра берсін» – деп қайта айтты. Ал жарты сағаттан соң қызметкерлер келіп, алды. Ішінде ақша екен. Доллармен. Кейін дүкен иесі хабарласып сұрады. Камерамен қарап отырады ғой. «Кімдер келген дүкенге» – деді. «Әлібек келді» – деп танитын адамды айттым. Ол Сәуле әпкенің інісі. Ол ҰҚК-де жұмыс істейді. Сол келген қызметкерлермен бірге келді» – дейді куәгер Аида Тасболат.

Осы тұста айыпталушы Мақсұт Исахов та сатушы қызға сұрақ қойды.

«Сонда Әлібек деген ҰҚК-де жұмыс істейтін кісінің дүкенге қатысы бар ғой?
– Иә, дүкен иесінің туысы.
– Жаңа айттыңыз жарты сағаттан соң полиция қызметкерлері келді дедіңіз дұрыс па?
– Нақты есімде жоқ. Сондай уақыт шамасында.
– Сіз жаңа жауабыңызда пакет ішіндегі аяқ киім деп ойладым дедіңіз. Салмағына қарадыңыз ба? Жеңіл болды ма, сонда?
– Иә, көтеріп қалғанда жеңіл еді».

Айыпталушы Мақсұт Исахов пен куәгер Аида Тасболаттың диалогынан. 

Бұл жолы да сот процесі 2 күнге созылады деп жоспарланған. Айта кетейік, Мақсұт Исаховты 2023 жылы 20 шілдеде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұстаған еді. Алайда қылмыстық құрамы анықталмауына байланысты 2 рет іс тоқтатылған. Ал сол жылдың соңында оның үстінен аса ірі көлемде пара берді деген айыппен қайта іс қозғалған. Алайда мұны мойындамайтынын айтқан айыпталушы, өзіне жала жабылды деп санайды.