Шардарада үш балабақша ашылды

906
Шардаралық балдырғандар

Жаңа жылға тарту! Шардара ауданында 3 әлеуметтік нысан ашылды. Олар – «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған үш бірдей балабақша. Екеуі жекеменшік, ал енді бірі – мемлекеттік. Осылайша енді үш жүзге жуық балдырған мектепке дейінгі орталыққа бара алады.

Балабақшалар талапқа сай жабдықталған
Балабақшалар талапқа сай жабдықталған

«Еркебала» балабақшасының меншігі жекенікі болса да бағасы мемлекеттік бақшалармен бірдей. Айына бір балаға жеті мың теңге. Заманауи үлгіде жабдықталған балабақша бірден 120 баланы қабылдап, алғашқы жаңа жылдық ертеңгілігін де өткізді. 

Балалардың қуанышында шек жоқ
Балалардың қуанышында шек жоқ

«Балапан» бағдарламасы аясында ашылған «Балауса» мектепке дейінгі орталығы да 120 балаға құшағын жайды. Екі қабатты ғимарат қаланың орталығында орналасқан. Бұған, әсіресе, ата-аналар қуанып отыр. Өйткені бұған дейін бала-шағаларын қала сыртындағы бақша апарып, жолдың азабын тартқандары көп.

Гүлханыс Қасқырқызы, Шардара қаласының тұрғыны: «Бұрын алысқа, 2-шағынауданға қатынайтынбыз. Ол – қаланың арғы шетінде. Балаларға оңай емес. Мінекей, енді қасымыздан балабақша ашылды. Бес минутта алып қайту деген жақсы ғой.» 

Жатын бөлмелері-жылы

Тағы бір балабақша 60 балдырғанға арналған «Асыл бұлан» мекемесі. Жекеменшік бақшада жергілікті 11 тұрғын жұмыспен қамтылды. Бұл – Шардара ауданындағы төртінші жекеменшік балабақша. Аудан бойынша үш мыңнан аса бала бақшада тәрбие алып жатса, тағы мыңы кезекте тұр.

Шардаралық балдырғандар
Шардаралық балдырғандар

Ақшагүл Бердалиева, Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы: «2020 жылға дейін жалпы аудан көлеміндегі баланы мектепке дейінгі мекемемен қамту ісін 100 пайызға орындаймыз деп межелеп отырмыз.»

Жоспармен жұмыс істейтін шардаралықтар өткен жылы атқарған жұмыстарымыз қыруар дейді. Берілген тапсырманы 65 пайызға орындап, бақшалардың санын арттырдық деп марқаяды.