Оңтүстіктің кәсіпкерлері жұмысшыларына 18 миллион теңге қарыз

Бастар Есқараев, облыстық бас еңбек инспекторы

Оңтүстіктегі кәсіпорындар жұмысшыларына 18 миллионнан астам теңге қарыз. Бұл мәліметті облыстық еңбек инспекциясының мамандары кезекті жиында жайып салды. Айтуларынша, бұл соманың көлемі бастапқыда 68 миллион теңге болған. Жұмысшысына жалақы төлеуге қауқарсыз болған 27 мекеменің 15-і бүгінге дейін берешегінен құтылыпты. Ал қарызға белшеден батқан тағы да 12 компанияның маңдайынан енді ешкім сипамасы анық.

Бастар Есқараев, облыстық бас еңбек инспекторы
Бастар Есқараев, облыстық бас еңбек инспекторы

Қарызға белшеден батқандар – Мақтаарал мен Кентау және Шымкенттің кәсіпкерлері. Жалақы беруге асықпай отырған 12 жекеменшік компания өз жұмысшыларына 18 миллион теңге қарыз. Бір ғана Кентаулық кәсіпорындардың мойнында 4 миллион теңгеден астам берешек бар.

Облыстық еңбек инспекторлары барлық борышкерлердің ісін экономикалық сотқа жолдаған. Бір қызығы, сот түрлі себептермен барлық қарызы бар мекемелердің ісін кері қайтарыпты.

Аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына тағы бір апта көлемінде уақыт берілді. Қайтарылуы тиіс қаржы белгіленген уақыттан кешіксе, әкім орынбасарларына қатаң шара көрілмек.