Шұбарсудағы электр дауы

442
Шұбарсудағы электр дауы

Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса! Кооперативтің жарғысын жалау еткендер жарықтан үзіп тастады деп ашынады Шұбарсу саяжайының бірқатар тұрғындары. Мұндағы «Землянка» бағбандық шаруашылығы төрағасымен өзара келісе алмаған жергілікті жұрт даудың туындауына бірнеше себеп бар дейді. Айтуларынша, кооператив әу баста электр желілерін талапқа сай тартпаған. Ал мұны басып айтқан тұрғындарды қараңғы қапаста қалдырып отыр.

Шұбарсудағы электр дауы

Шұбарсуда тұрақтап қалған 75 жастағы Софья Черепова ширек ғасырдан астам кооператив құрамында болған. Сол 30 жылдан бері зейнеткер бағбандық шаруашылықта шу шыққан емес деп отыр. Бірақ былтыр кооператив төрағасы әр отбасыдан 15 мың теңгеден жинап, дербес электр жүйесін тартуды қолға алыпты. Содан арада дау туындап, қазір өршуге айналды деп отыр зейнеткер.

Софья Черепова, Шұбарсу тұрғыны: «Кооператив төрағасы бізді алдап кетті. Оқшауланған желінің орнына өздігінен қайдағы бір АВВГ 2-6 маркалы сым тарты. Бұдан бөлек заңсыз қосалқы есептегіш құрал орнатып, оны өзінен басқа ешкімге көрсетпеудің жағдайын жасатты. Айтқанын орындамасаң, сол автоматты құрал арқылы жарықты сөндіре салады.»

Шұбарсудағы электр дауы

Төраған осы сияқты тірліктерін жайып салғаным үшін электр қуатынан ажыратып тастап, қауымдастықтан шеттетті дейді зейнеткер. Бұдан соң қарт тұрғын да қарап жатпастан, жауапты мекемелерге шағым жөнелтіпті. Ал кооператив басқарушысының бұған қатысты айтары басқа.

Александр Анекеев, Шұбарсу саяжайындағы «Землянка» серіктестігінің төрағасы: «Біздің оны электр қуатынан ажыратып тастауымызға жиналыстарда жергілікті жұртты балағаттап, намысына тиюі себеп болды. Ал өзге желі тартуыма ешкім тыйым салған жоқ. Қадағалаушы орындар қарсы құжат жібермеді. Сондықтан мен өз білгеніммен сым жүргіздім.»

Дегенмен, мамандар бұл тартылған сымның сапасына сын көзбен қарайды. Әрі қауіптілігі де жоғары екенін баса айтты.

Берік Төрехан, Ордабасы аудандық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімі жетекшісінің орынбасары: «Бұл заңсыз нәрсе деп есептеймін. Мұны кімнің өткізгенін білмеймін. Себебі, мынадай нысанның астынан мынадай электр желісін өткізуге тыйым салынған. Тіпті, рұқсат жоқ. Бұл – заңға қайшы нәрсе. Техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Екіншіден, мынадай қабат-қабат сымды өткізуге болмайды.»

Айта кету керек, «Землянка» серіктестігіне 150-ден астам үй қарайды. Ал шұбатылған желілер әр түтінге жеке-жеке тартылыпты. Талаптан тайған бұл тірлікте реттеуге келгенде жергілікті биліктің өзі дәрменсіз.

Өйткені бағбандық шаруашылығы әкімдікке бағынбайтын көрінеді. Сондықтан жарықтан ажыратылғандардың жағдайы әзірге белгісіз. Ал шағымданушылар әлі біраз жерге арызымызды арқалаймыз деп отыр.

Мақсат Жақсыбаев