//
Оңтүстіктің фристайлшылары Универсиадада жүлделі атанды Спорт 

Оңтүстіктің фристайлшылары Универсиадада жүлделі атанды

Алматыда өтіп жатқан Универсиада-2017 ойындарының екінші жарыс күнінде қыздар арасында фристайл-акробатикадан Оңтүстік Қазақстан облысынан аттанған Жібек Арапбаева күміс медальға қол жеткізді. Ал қола медаль тағы бір жерлесіміз Жанбота Алдабергеноваға бұйырды. Жанбота жарыс жолында 60,48 ұпай жинаған болатын. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жүлдегер атанған қос қызды телефон арқылы арнайы құттықтады.

Оңтүстіктің фристайлшылары Универсиадада жүлделі атанды

– Екеуің Оңтүстіктің ғана емес, Қазақстанның атын аспандатып, намысын қорғай білдіңдер. Ел сендердің жеңістеріңе шын жүректен қуанып жатыр. Барлық командаластарыңа сәлемдемемізді жеткізіп, тағы да жеңіс күтіп отырғанымызды айтыңыздар. Оңтүстік сендерді зор қуанышпен қарсы алғалы  отыр, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарына Оңтүстік Қазақстан облысынан 5 спортшы қатысуда. Соның алғашқы екеуі олжа салып, ел мәртебесін асқақтатты.

– Бұл жарысқа Оңтүстік Қазақстаннан үш қыз қатысып отырмыз. Мен, Жанбота Алдабергенова және Ақмаржан Қалмұрзаева. Үшеуміз де жеңіске жетуді қаладық. Алайда бұл ойымыз жүзеге аспады. Қытай қызын алға жіберіп алдық. Бәлкім, дайындық жетіспеген болар. Жалпы, дәл осындай байрақты бәсекенің елімізде болып жатқанына қуаныштымыз ,- дейді Жібек Арапбаева.

Айтулы спорт бәсекесінде күмістен алқа таққан Жібек Арапбаева 2011 жылы Алматыда өткен Азиада ойындарының да күміс жүлдесін жеңіп алған болатын.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz