Тұрғындар: «Газ-ауа қосындысы жарылған үйіміз – суық»

337
Тұрғындар:

Күні кеше газ-ауа қосындысының жарылысы болған Теріскей шағынауданындағы №62 көп қабатты үй тұрғындары алаңдап отыр. Олардың айтуларынша, мұндай жайсыз жағдай кез келген пәтерде болуы мүмкін. Себебі, үйлерін газ жағып жылытуға мәжбүрміз деп отыр. Ал жауапты мамандар пәтердегі жылудың мардымсыз болуы осы үйдегі құбырлардың жаңармауынан дейді.

Тұрғындар: "Газ-ауа қосындысы жарылған үйіміз - суық"

Жас ана Динара Құлшынбаева екі бөлмелі пәтерін жылыта алмай әлек. Қыс келсе жылумен алысатын тұрғын жылытқыш құралдарын да пайдаланады. Пәтер температурасының бір қалыпты болмауынан былтыр ғана жөнделген бөлмелердің қабырғалары да көгеріп, исі колқаны қабады. Амалы таусылған тұрғындар жылыну үшін күні-түні газ жағып қоямыз дейді.

Күні кеше ғана ауруханадан шыққан Валентина әжейдің де үйі сұп-суық. Жазда жылу жүйелерін жаңартсақ та ешқандай қайран болмай тұр дейді ол. Ай сайын зейнетақысының бір бөлігін коммуналды қызметтерге төлеп тұратын тұрғын жылуға жарымай, осылай қабат-қабат киіммен жүруге мәжбүрміз дейді.

Ал салаға жауапты мамандар бұл көп қабатты үйге беріліп жатқан жылудың температурасы қалыпты деңгейде дейді. Подъезге дейін бірқалыпты болып келіп, іштің салқын болуы пәтерлердегі жүйелердің толықтай жаңартылмауынан да болуы мүмкін дейді.

Ал күні кеше болған апаттың жылумен байланысы бар-жоғын мамандар дөп басып айта алмайды. Қазір келеңсіз жайттың себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал қақаған суықта қалың киімге оранған жұртшылықтың қашан жылуға жаритыны басы ашық сұрақ.

Мақпал Рысбаева