Жер сілкінісінен қалай қорғана аламыз?

Оқу-жаттығуда студенттер белсенділік танытты

21- қыркүйек күні таңертең Шымкентте жер сілкінісі болғаны туралы дабыл қағылды. Әл-фараби орталық алаңға 1000-ға жуық жастар мен қала тұрғындары жиналды. Бұл «Жер-2011» штабтық оқу-жаттығуы болатын. Айта кетейік, мұндай жаттығулар 8 мекемеде өтті.
Әл-Фараби алаңында жоғары оқу орнының студенттеріне бас амандығы үшін жүгіруге тура келді. Қауіпті нысаннан сыртқа шығарылған азаматтарға тиісті көмек көрсетіліп, арнайы штаб шұғыл әрекеттер жасады. Құқық қорғау органдары мен күзет қызметі, техника мен жасақтар дабыл бойынша дер кезінде іске кірісті. Мұндай оқу-жаттығулар осыдан екі жыл бұрын өткізілген болатын. Ең алдымен, бұл шара – төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда шұғыл әрекет жасауға машықтандырады, дайындықты анықтайды.

Ауқымды оқу жаттығудың ұйымдастырылуына төтенше жағдайлар министрінің өзі де келді. Бірінші кезекте ол облыс әкімінің жылжымалы басқару пунктінде болды. Мұнда құтқару, медициналық көмек, байланыс және күш құрылымдарының бөлімшелері біріктірілді.