Таңсәріден толассыз жауған қарды тазалауға «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің мамандары ерте кірісті. Қажетті құм мен тұз себілді. Жұмыс жол толық тазаланып және қар тоқтағанша жалғасады. Техника мен жұмысшылар аусымдық жүйеге көшті. Қаладағы басты қиындық жаяу жүргіншілер мен аялдамаларды қардан тазарту ісі. Айта өтейік, Шым шахарда 800-ден астам аялдама бар.
Жұмысшының бір күндік нормасы бір бағдаршамнан екінші бағдаршамға дейінгі жаяу жүргінші жолдар мен аялдамаларды қардан тазарту болып табылады. Бұдан бөлек қылқан жапырақты ағаштағы қарды сілкіп түсіруі қажет. Әрине ол оңай жұмыс емес. Әсіресе әйел баласы үшін тіптім қиын. Қардың қалың түсуіне байланысты «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің басшылығы көше тазалығына жауапты 350 жұмысшыға көмек ретінде бірнеше техника мен Жасыл желек бөлімінің мамандарын жұмылдырды.
Ауа райына байланысты күнделікті қалыптасқан жұмыс уақытын да өзгертуге тура келді. Енді қала толық қардан тазартылғанша жұмысшылар аусыммен және кешкі 18-00 ге дейін еңбек етеді. Ең бастысы аяз түспей жолдарды тазартып алу қажет.