Қазақтың мақтаныштарының мерейлі жылы


Биыл есімдері елге белгілі бірқатар қоғам, өнер қайраткерлерінің мерейтойлары аталып өтілмек. Солардың ішінде туғанына 100 жыл толатын айтулы азаматтар бар. Оқырмандарымыз біліп жүрсін деген ниетпен, олардың тізімін бергенді жөн көріп отырмыз. Сонымен биыл – қазақ өнерінің майталмандары Күләш Байсейітованың, Жамал Омарованың, Шара Жиенқұлованың, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ал, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен мәңгіге қалған, қарымды қаламгер Ғабит Мүсіреповтың туғанына биыл 110 жыл толады.
Қазақтың мақтан етер азаматтарының қатарында алғашқы ұшқыш қыздарымыздың бірі, Халық қаһарманы- Хиуаз Доспанованың және әнші, КСРО халық әртісі Роза Бағланованың туғанына 90 жыл. Мемлекет қайраткері, Оңтүстік облыстардың көркеюіне өзіндік үлесін қосқан, Асанбай Асқаровтың да биыл туғанына 90 жыл толады.
Мерейлі жылдың мерейтойы аз емес. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың және қаламгер Тұтқабай Иманбековтың туғанына 75 жыл болса, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, айтулы композитор Ескендір Ханағалиев өзінің 70 жасқа толғанын атап өткелі жатыр. Бұл мерейлі жастан әнші Сара Тыныштығұлованы да көре аламыз.
Ұлу жылында осындай айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілмек.