«Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырған жастар арасындағы «Инновациялық Қазақстан» республикалық байқауының бүгін салтанатты марапаттау рәсімі өтіп жатыр.
Ұлттық компаниялардың басшылары, сонымен бірге байқау комиссиясының құрамына кірген сарапшылар ең үздік жұмыстарды белгіледі. Ең жоғары бағаны 21 адам алды. Енді олар бағалы жүлделермен марапатталып, «Самұрық-Қазына» АҚ кадрлық қорына енеді. «Технология үздігі» және «Әлеуметтік идея» аталымдары бойынша жеңімпаздар бас жүлдені – құны 5 млн. теңгені құрайтын оқу грантын иеленбек.
«Инновациялық Қазақстан» байқауының ақтық сынына шыққандардың тізімінің ішінде біздің облыстан Айгерім Әбдібек бар. ОҚМУ-дың 4-курс студенті бүгін «Технология үздігі» аталымы бойынша марапатталады. Әбдібек А.С. «Мұнай өндірісінің қалдықтарынан күкірт қышқылын алу технологиясын зерттеу» тақырыбында жетістікке жетіп, өз білімін, ғылыми жұмысы төңірегінде сарп еткен еңбегін дәлелдеді.
Сонымен бірге, комиссия мұшелері бейресми аталымдар жеңімпаздарын атауды жөн деп шешті. Олар: «Ең белсенді қатысушы», «Ең инновациялық оқу орны», «Ең инновациялық оқушы» аталымдары.
Айта-кету керек, ең үздік 20 жоба ҚБТУ, Назарбаев Университеті және Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеттерінің студенттерінен жіберілген.
Еске сала кетсек, байқау комиссиясының құрамына «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев, «KEGOC» АҚ басқармасының төрағасы Бақытжан Қажиев, «ҚазТрансОйл» АҚ басқару директоры Алексей Пирогов, «Ұлттық инновациялық қоры» АҚ басқармасының төрағасы Айдын Күлсейітов, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ басқармасының төрағасы Ұзақбай Қарабалин, ҚБТУ ректоры Іскәндір Бейсембетов және өзгелері кірді.