Ақпан айының 1-жұлдызынан Шымкент қаласындағы жолаушылар тасымалдаумен айналысатын 400 автобус қатаң бақылауға алынады. Бюджеттен бөлінген 30 млн. теңгеге GPS қондырғысы орнатылып, қала әкімшілігінің ғимаратында арнайы диспетчерлік бекетті жабдықтау басталды.
Қалалық қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын бақылауда автоматтандыру жүйесін енгізуге 70 млн. теңге қажет. 2012 жылға 40 млн. теңге бөлінеді деген жоспар бар. Әзірге 2011 жылдың 13 қазанында өткен байқаудың жеңімпазы жеке кәсіпкер Падеров 500 автобусқа кабелді желілер мен арнайы бекіту құрылғыларын орнатты.
Қазіргі таңда телефон, интернет байланысын қосу және жүйені тестілеу жұмыстары атқарылуда. Болашақта қалада бар 7 диспетчерлік бекеттер қысқартылып, бір ғана бағыттарды қадағалайтын автоматтандырылған бақылау нүктесі болады. Орнатылған жүйелердің қауіпсіздігі мен қызметін қаржыландыру көлік компанияларының есебінен іске асырылады. Осы бақылау жүйесін іске асыру туралы облыс әкімінің берген тапсырмасы толығымен орындалса, жолаушылар тасымалының сапасы жақсаратындығына сөз жоқ.