«Ауызсу жылын» қорытындыладық, келер жылға жоспар да бар

457
Ауызсу

Облыс басшысы 2011 жылды «Ауызсу» деп жариялаған шақта өңірдің толық таза ауызсумен қамтылатынына күмәнмен қарағандар көп еді. Асқар Исабекұлы айтқанында тұрды. Биыл облыс бойынша 69 елдімекенге ауызсу құбыры тартылды. Бұл бағытта әсіресе Түркістанда көп іс атқарылды.

15 ауылға су құбыры тартылып, сол арқылы 11 ауылдық окургкке қарасты орналасқан 41 елдімекенде су мәселесі шешімін тауып, тұтынушылардың жағдайы жақсарды. Өткен аптада Елбасының «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тағы үш ауылға таза ауызсу берілді.

Негізі, әу баста бұл өңірдегі елдімекендердің 10-ы ғана құбыр суымен қамтамасыз етілген екен. Қалған 31-і осы күнге дейін табиғи су көздерін пайдаланып келген. Биыл Орталық, Ортақ, Шыпан, Құмтүйін, Еңбекші диқан, Бостандық, Жүйнек, Достық, Қожанов, Бабай-Қорған, Қосмезгіл, Аша, Абай, Қосқарған секілді ауылдарға құбыр тартылып, жалпы саны 39 712 тұрғын таза суға қол жеткізіпті. Ол үшін жалпы сомасы 2,5 млрд.-тан аса теңге қарастырылған екен. Оның 380784 мыңы республикалық бюджеттен, қалған 2183842 мыңы облыстың қазынасынан бөлінген.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл игі шаралар Тєуелсіздіктің 20 жылды қарсаңында ел еңсесін көтеріп тастады. Түркістан қаласына қарасты кейбір ауылдық окургтерде кеңестік кезең құлағалы құбыр су болмаған екен. Биылғы жылы облыстың 111 елді мекеніне ауызсу жеткізілді.

Нақтырақ айтқанда 327 шақырым су құбыры тартылып, 70 елдімекен тіршілік көзімен қамтамасыз етілді. Осы цифраларды алға тарта отырып, мәлімет келтірсек, енді облыс халқының 78 пайызы таза суға зәру емес деген сөз. Көп ауылдарға соңғы технологиялармен жабдықталған құбыр су құрылғылары қондырылған. Заманауи биологиялық маңызы бар құралдардың көмегімен жұрт тәулік бойы таза ауызсу алатын болды. Ол үшін қазынадан 3 511 296 мың теңге қаралыпты. Оның ішіндегі 671778 мыңы республикалық бюджетке тиесілі болса, қалған 2839518 мыңы облыстан бөлініп отыр. Осы ретте келер жылдың жоспарына тоқтала кетейік. Жаңа жылда Қызылжол, Майдантал, Нұртас, Ескі Иқан, Қарашық, Шорнақ, Ибата, Оранғай, Ынтымақ, Сауран, Ыштыхат, Бірлік, Үлгілі елдімекендерінде таза су құрлысы жүргізіледі деп жоспарланған. Соның нәтижесінде тағы 39712 тұрғын жаңа құбырдан су ішетін болады.

Айтпақшы, құбыр демекші 2012-де су өткізгіштерінің магистральді жүйесі шыныпластикалық құбырдан полиэтиленге ауыстырылады. Бұл ауқымды жұмыс та келер жылдың жоспарына енгізілген.
Қосымша дерек ретінде айта кетейік. 2009-2011 жылдары тек қана ауызсу саласына 33 млрд. астам қаржы қаралып, 170 елдімекен құбыр сумен қамтамасыз етіліпті. Сөйтіп барлығы 753 мыңнан астам адам сапалы суға қол жеткізген екен.