Былтыр импортымыздан гөрі экспортымыз көп болыпты

60

2011 жылдың қаңтары мен қараша айларында ОҚО-дағы тауар айналымы 3 млрд 523 млн 200 мың АҚШ долларын құраған. Оның көп бөлігі — экспорт яғни, тауарды сыртқа шығару болып табылады. Ал 1 млрд. 274 млн. 500 мың доллар ақшаға біздің өңір түрлі өнімдер сатып алған.

Нұрболат Сарғалдақов, ОҚО статистика департаменті сауда-саттық басқармасының бастығы: «Біздің облыстың бүгінгі таңдағы сауда байланысы көршілес Өзбекстанмен жақсы жолға қойылған. Қазіргі күні екі ел арасындағы экспорт 26,2 пайызды, импорт 33,7 пайызды құрап отыр».

Саудадағы тағы бір ірі серіктесіміз — Қытай. Кедендік одақ келісімі барысында облыстағы тауар айналымы 354,5 миллионды құрапты. Оның 254 млн 712 мың 500 доллары импорт тауарлардың құны. Дегенмен негізгі серіктес ретінде көрші Ресей елі танылды дейді сарапшылар.

Жанар Ережепова, ОҚО статистика департаменті директорының орынбасары: «2011 жылы Оңтүстік Қазақстандағы бөлшектеп сату көлемі 158 миллиард 484 миллион теңгені құрады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға жоғарылады деген сөз».

Сөйтіп, соңғы 9 айда Оңтүстіктегі аймақтық өнімнің жалпы бағасы 916 млрд 606 миллион теңгені құрап отыр.