Кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істейтін мемлекеттік мекемелермен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуде.
Бұл жылы «Бота» қоғамдық қорының қолдауымен Оңтүстіктегі үйсіз балалармен жұмысты «Жолдас» үкіметтік емес ұйымы жүргізбек. Балалардың құқығын қорғау департаментінің мамандары қосымша көмек қолы арқылы қараусыз қалған балалардың мәселесін шешуді оңтайландырамыз дейді.
Өткен жылы арнайы рейд нәтижесінде оңтүстікте 907 қараусыз қалған бала табылыпты. Олардың 11-і балалар үйіне жіберілсе, 849 жеткіншек ата-анасына қайтарылған. Ал 47 бала Кентау қаласының арнайы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектебіне жіберілген.
Ақмарал Жүнісова, ОҚО Балалардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Мәселен 2011 жылы біздің облыста 115 жайсыз отбасы тіркеуге алынған болатын. Мамандарымыз жүргізген рейд барысында жайсыз отбасыдан шыққан балалар, оқумен қамтылмай қалған балалар анықталды. Әрине, оларды біз мемлекеттік құзырлы орындардың көмегімен балалар үйіне, оқумен қамтылмай қалғандары мектепке, кейбірін бейімдеу орталығына жіберіліп, біздің тарапымыздан көмек көрсетілді».
Көшеде түнеп, қол жайған бүлдіршіндерді анықтау үшін және оларға психологиялық көмек көрсетуге 2012 жылы мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, «Жолдас» үкіметтік емес ұйымы жұмыс істейтін болады. «Бота» қоғамдық қоры қолдаған ұйым жыл бойына 60-тан аса рейд жасап, оған өз психологтары мен әлеуметтік жұмысшыларын тартпақшы.
Болат Тұрғынбаев, «Жолдас» үкіметтік емес ұйымының төрағасы: «Рейдке шығып, қараусыз қалған балаларды тауып, оларға әлеуметтік көмек беріп, мүмкін олардың әке-шешесіне көмек керек болып қалатын шығар, сол жайлы көмек беріп, жағдайы жоқ болса балалар үйіне өткізіп, қысқасы адам қатарына қосып жіберсек дейміз. Егер осы жылы біз өз жұмыстарымыз жақсы атқарар болсақ келер жылы да үйсіз-*күйсіз жеткіншектердің жағдайын біздің ұйым қадағалайтын болмақ».
Ата-ананың жұмыссыз болуының салдары баланың көше кезіп кетуіне басты себеп деп отыр мамандар. Сондықтан құқыққорғау орындары мен бала құқығын қорғау мекемелері осы істі бірігіп атқарсақ қолын жайған кезбе жеткіншектер азаяр еді деген үміт бар.