Осы аптаның ортасында басталған боран кентаулықтарды жауратты. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, қаһарлы қыстың қақаған аязы мен дауылды боранында қаладағы жылу орталығының бір қазандығы істен шығып, кеншілер қаласының тең жартысы жылусыз қалды.
Алғашқы күндері сабақтарын 30 минуттан оқыған мектеп оқушылары, қала әкімінің ұйғарымымен екі күнге уақытша демалыс алды. Ауа-райының қолайсыздығынан көшеде жүріп-тұру мүмкін болмапты. Дәл сол аралықта төтенше жағдайлар да орын алып, қалааралық жолдар жабылды. Әсіресе, Ащысай елді мекеніне баратын жолда көліктің қатынауы мұңға айналды.
Онсызда қыстық дизель отынының тапшылығы мазалап отырған қоғамдық көліктер боранды күні мүлдем тоқтаған. Ал көшенің көк тайғақ мұзынан жаяу жүру мүмкін емес дейді қала тұрғындары. Сықырлаған аяздың кесірінен жеке үйлердің мұржасы мұзға толып, қайғылы оқиға да орын алған. Қаңтардың 16-сы күні Ромах көшесі №18 үйдің пеші жарылып, нәтижесінде үш азамат ауыр дене жарақатын алған. Айтпақшы, сол үш азамматтың екеуін 2-3 дәрежедегі күйік шалған. Оларға облыс орталығынан білікті маман-дәрігерлер шақыртылып, медициналық көмек те көрсетілген. Қарт Қаратау етегінде орналасқан шағын қала биылғы қыстың тауқыметін тартып жатыр.
Ал бүгін Кентау қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері жылу беру түбегейлі қалпына келтірілді деп хабарлады. Мектептерге жарияланған карантин алынып тасталды.