Марқұмдардың жақындары арызданып, күдіктілер іздестірілген болатын. Айыпкер сот аяқталғанға дейін қамауда болады. Сотталушы қашып кетпегенде іс ертерек аяқталар ма еді. Сотқа жауап беруден бас тартпақ болған жігіт қолға түсіп, сотқа мәжбүрлеп жеткізілді.
Владислав Сухинин, жәбірленушілер өкілі: «Арыновтың ісі сотта қаралып жатыр. 24-не сот отырысы болады оған дейін ол түрмеде болады. Осы айдың соңына дейін іс жабылады деп ойлаймын».
Естеріңізде болса, өткен жылдың сәуір айында бір топ жастар христиандардың зиратына ойран салған болатын. 18 құлпытас қиратылып, сотқа 15 адам арызданған еді. Үш марқұмның туыстары сол күйі табылмады. Есіргендер миллион теңгеден аса шығын келтіріп отыр. Сотта айыпталушы ескерткіштерді қалпына келтіремін деп жасағанын мойнымен көтермек болған да еді. Бірақ ол уәдесін толығымен орындамады.
Владислав Сухинин, жәбірленушілер өкілі: «Құлпытастардың жартысы қайта қойылды. Бірақ, өздері қабірдегі ескерткіштерді өз қаржысына тұрғызғандарға ақшалай өтемақы төленбеді».
Жауапкершіліктен қашпай тұрғанында жігітке марқұмдардың туыстарының кейбірі кешірім бермек те болған. Бұл істің қалай аяқталатынын сот барысы анықтайтын болады.