Тұрғындардың түйткілді мәселесін жеткізу үшін арнайы жәшіктер орнатыла бастады

212
арнайы жәшіктер

Шымкентте есеп беру науқанына дайындық басталып кетті. 6-ақпаннан бастап түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі басталады. Көпшілік өз ауданы мен қаласының басшысына деген сын ескертпелерін айтып, көкейдегі өзекті мәселелерін көтере алады. Осы ретте, атқарған жұмыстары жайында баяндама жасамас бұрын аудан әкімдері тұрғындардан хат қабылдамақшы. Қазір тұрғындардың түйткілді мәселесін жеткізу үшін қала аумағында арнайы жәшіктер орнатыла бастады.

Абай ауданында 5, Әл Фарабиде 5 және Еңбекші ауданында да тап сондай 5 жерде жергілікті халықтың сын ескертпелері мен ұсыныстарын қабылдайтын жәшіктер қойылды. Түрлі себептермен көкейде жүрген ойларын жоғарыға жеткізбек болған кез келген азамат сол құтыларға сауалын жазып, парақшаны тастап есеп кезінде жауап ала алады.

Бұрын Пахтакор бүгінде «Мирас» деп аталатын елдімекен тұрғындарының атынан 3 мәселені аманат етіп келген Закир Абдуллаев әкімдермен болатын осы кездесуде бір мәселе шешілсе де үлкен жетістік дейді.

Құты қойылған бір жетіден бері Еңбекші ауданының әкімі 20-ға тарта өтініш қабылдапты. Сараптама бойынша қойылған сауалдың бәрі орынды. Тек бірін жедел екіншісін шешу үшін уақытты талап етеді. Кездесу барысында жауап алынбаған сұрақтар БАҚ арқылы жеткізіледі.