Жоғалған екі оңтүстікқазақстандық аязды далада түнеген

235
аязды күні жоғалған азамат

Байдібек ауданының екі тұрғыны жоғалды деген суық хабарды, құтқарушылар 19-қаңтар күні алған. Іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен құралған арнайы бригада жіберілген.

Құтқарушылар жоғалған екі азаматты ауылдарынан жырақ 17 шақырым жерден тапқан. Анық болғандай, Алғабас ауылының тұрғындары қой іздеп шыққан екен. Екі азаматтың бірі-1973 жылы туған болса, екіншісі -28 жаста. Олар үйден 19-қаңтар күні, түскі сағат 15:20-да шығып кетіп, қайта оралмаған. Олардың қайтуын тағатсыздана күткен туыстары мен көршілері өздері артынша іздеуге шыққан. Алайда, өз еріктерімен таба алмаған соң, кешке қарай, төтенше жағдайлар департаментінің жергілікті бөлімшесіне хабарлаған. Іздеуге құтқарушылар да әбсәтте қосылған. Жоғалғандарды іздеуге 6 құтқарушы мен 3 дана техникалық көлік жұмылдырыпты. Оған тағы туыстары мен көршілерін, сондай-ақ жергілікті әкімдіктің қызметкерлерін қосыңыз.

«Оларды жапан даладан тапқан.Сол күні қатты дауыл тұрып, қар қатты жауған. Азаматтарға сол жерде-ақ алғашқы жәрдем көрсетілді. сосын ауруханаға жеткізілді»,-дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің бас маманы Құралай Тохтарбекқызы.

Жоғалғандарды келесі күн атарда тапты. Оларды қыстың қаһарлы аязынан жеңіл көліктері құтқарып қалған.

Е.Абдуғаппаров, Шақпақ ауылының тұрғыны: «Біз қатты соққан желдің кесірінен қалай адасып кеткенімізді де байқамай қалдық. Жолға тұрып қалып, ары-қарай жүрудің пайдасы жоқтығын сездік. Оның үстіне одан сайын адасып, жанармайымыз таусылып қалар деп ойладық».

Азаматтарға медициналық көмек көрсетілген соң, олар үйлеріне қайта оралды. Бірақ, іздеген қойларын таппады.