2012 жылы Шымкентте 7 спорттық нысан бой көтеретін болады

213
Оңтүстіктің чемпиондары да жиынға қатысты

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев есеп берді. Облыс әкімінің орынбасары  Болатбек Әлиевтің қатысуымен өткен жиынның  бисмилләсі  ел басының  қазақ халқына жолдауынан басталды.  Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шым қалада бір қатар спорттық нысандар бой көтерді және жетеуі үстіміздегі жылдың соңына дейін ашылады.

2011 жылы облыстың аудандары мен қалаларында күрделі жөндеу және ағымдағы құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен 1 миллиард 30 миллион 524 мың теңге , облыс бюджетінен 1 миллиард 99 миллион 900 мың теңге және демеушілер есебімен 146 миллион 350 мың теңге бөлінген.

Сондай-ақ, Республикалық бюджеттің есебінен Шымкент қаласындағы Абай саябағының аумағында Халықаралық теннис кортының құрылысы жүргізілуде. Оған 925 миллион теңге бөлінген. Жобаға сәйкес, 8 ашық және 4 жабық корттар жұмыс істейтін болады.

2011 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 4649 спорт нысандары тіркеліп, өткен 2010 жылмен салыстырғанда спорт нысандарының саны 686 бірлікке өскенін байқатады.

Болат Наурызбайұлының мәліметіне сенсек,  оңтүстікте дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны 2010 жылы — 296 218 адамды, яғни 12 пайызды құраса, 2011 жылы олардың қатары 82 866 адамға көбейіп, 14,5 пайызын құрап отыр.

Ал жетістіктерге келер болсақ, өткен жылы  облыс саңлақтары Республикалық  чемпионаттарда 362 алтын медальға қ ол жеткізген. Ал Азия чемпионаттарында 33 алтын, 18 күміс және 25 қола медальды жеңіп алған, сонымен қатар Әлемдік додаларда 12 алтын, 8 күміс және 9 қола медальдарды қанжығаға байлаған.

Биылғы жылдың басты мақсаты, 2012 жылғы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарында топ жару. Бүгіннің өзінде, оңтүстіктің қоржынына бұл дүбірлі сайысқа 10 жолдама салынған. Олар:

1. Наталья Ивонинская — жеңіл атлетика

2. Ольга Терешкова — жеңіл атлетика

3. Евгений Алексеев — байдаркада және каноэде есу

4. Нұрсұлтан Мамаев — таэквандо

5. Феруза Ергешова — таэквандо

6. Александр Диченко — велоспорт

7. Сергей Истомин — ауыр атлетика

8. Надежда Ноғай — ауыр атлетика

9. Мөлдір Әзімбай — спорттық акробатика

10. Ангелина Мищук — стенд ату

Ендігі мақсат бұл спортшылардың тізімін 15-ке дейін жеткізу. Сөйтіп, облысымызға Олимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алу.