Көркемсөз оқудан Оралхан Бөкей атындағы XIV облыстық байқауы болып өтті

523
Бас жүлде иегері Шырайлым Молдаш

Көркемсөз оқудан Оралхан Бөкей атындағы XIV облыстық байқауы болып өтті.
Ақпанның жиырма екісінде Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы XIV облыстық байқауы болып өтті. Басты мақсат — мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу.

Аталған облыстық байқауға аудандарда жеңімпаз болып танылған 15 жас өнерпаз атсалысты. Сондай-ақ 15-30 жас аралығындағы үміткерлерге мәнерлеп өлең оқу, прозалық, драмалық шығармалардан үзінді оқу тапсырмасын орындау міндеттелді. Бұған қоса, талапкер сарапқа  ұсынуға таңдап алынған мәтіндерді жатқа білулері қажет.

Сайыстың ерекшелігі сол — әділқазылар құрамынан Республикалық деңгейде өткен Оралхан Бөкей оқуларының бас жүлде иегерлері табылды. Нәтижесінде, Төлебидің намысын қорғаған Шырайлым Молдаш бас жүлдені қанжығаға байлады. 1-орынды шымкенттік Жандос Өсербаев иеленді. 2-орын Тоқжан-ай  Қалжанға бұйырды. Түркістандық Марал Қожамқұлова 3-орынды місе тұтты.

Балқия Көмекбаева, тілдерді дамыту басқармасының  бастығы: «Жалпы Оралхан Бөкей атындағы XIV облыстық байқауға облыс көлемінде 200-ге жуық талапкер қатысып, арасынан 15 үміткер бүгінгі ақтық сайысқа жолдама алды».

Бас жүлде иегері Шырайлым Молдаш

Бұл әдеби доданың жылдағы жаттанды сайыстан артықшылғы — әділқазылардың санына емес, сапасына аса мән берілді. Мәселен, төрешілер құрамында Республикалық Оралхан Бөкей оқуларының бас жүлдесін қанжығаға байлаған 2 бірдей жеңімпаз болды. Бұл — тартысты байқаудың  әділ өткенінің дәлелі. Ең бастысы, бүгінгі байқауда өзгелерден оқ бойы озық шыққан жеңімпазға қазақтың қара қобызы табысталды.

Шырайлым МОЛДАШ, бас жүлде иегері: » Жасыратыны жоқ, байқаудың бас жүлдесі бұйырады деп ойламадым. Десе де басқа-басқа дәл осы Оралхан Бөкей оқуларында талантымды танытқаныма қуаныштымын. Олай дейтін себебім, менің жанымды көркем әдебиетке баулыған да осы Оралхан ағамыздың “Алтыбақан” атты прозалық шығармасы болатын».