Úı ANONS Шымкентте медицина қызметкерлері марапатталды

Шымкентте медицина қызметкерлері марапатталды

Адам өмірі мен денсаулығын қорғауды қасиетті парыз санаған ақ халатты абзал жандар құрметке бөленді. Мерекелік іс-шарада еңбегі еленген медицина қызметкерлері марпатталып, әкімнің алғыс хатын алды. Олардың қуанышмен бөлісіп қайтқан тілші бейнематериалында.

Талайдың өміріне оң өзгеріс әкеліп, дертіне шипа болу дәрігер мамандығының басты миссиясы. Әсіресе хирургтердің еңбегі жауапкершілігімен және күрделілігімен ерекшеленеді. Олар күн сайын адам тағдыры таразыға түсетін сәттерде батыл шешім қабылдап, талай жанның өмірін сақтап қалуға күш салады. Осындай білікті мамандардың бірі — Дәурен Қабылов. Ол №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-хирургі. 20 жылдан астам уақыт кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің арқасында көптеген науқасқа дер кезінде көмек көрсетті. Бүгінде оның еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен марапатталды.

ДӘУРЕН ҚАБЫЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ХИРУРГІ: «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан алған «Құрмет» ордені үшін өте қуаныштымын. Еліміз үшін қызмет етіп жатырмыз. Қала әкімі, басқармаға үлкен рахмет. Жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Алғысым шексіз. Медицина саласы оның ішінде хирургия саласы бойынша қиын. Осы салада 22 жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Қиыншылық та болады. Қуанышты кездер де болады. Қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз».

 

Іс-шара барысында медицина мамандарының қоғамдағы ерекше орны, олардың күн сайынғы қажырлы еңбегі мен халық саулығын сақтау жолындағы өлшеусіз қызметі кеңінен насихатталды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар білікті маман мемлекеттік наградалармен, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мұнан соң, шахар басшысы аталған салада атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, медицина саласының қызметкерлеріне ізгі тілегін жолдады.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Сіздерді Медицина жұмыскері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Медицина қызметкерлері – адам жанының арашасы, денсаулықтың сақшысы, үміт пен сенім сыйлайтын абзал жандар. Сіздер күн сайын жоғары кәсібилік пен жанашырлық танытып, мыңдаған азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғап келесіздер».

Соңғы үш жылда саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның нәтижесінде медициналық мекемелердің заманауи құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 80 пайыздан 88,5 пайызға дейін өсті.

Бұдан бөлек, диагностикалық орталыққа, балалар клиникалық ауруханасына және онкологиялық көпбейінді орталыққа компьютерлік және магниттік-резонанстық томография аппараттары орнатылды. Биыл алғаш рет емханалар мен ауруханаларға 12 заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты берілді. Айта кетейік, қалалық денсаулық сақтау саласында 16 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.

 

Нұргүл Жолымбетова