Úı ANONS Қала күніне тарту: Жаңа саябақтар ел игілігіне берілді

Қала күніне тарту: Жаңа саябақтар ел игілігіне берілді

Қала күні қарсаңында Шымкентке Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ол Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Сондай-ақ, жаңғыртудан өткен жаңа саябақтарды аралады. 

 

Нұрлыбек Машбекұлы мен Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация Шымкент халықаралық әуежайында болып, жаңа ұшу-қону жолағының құрылысын көрді. Бұл жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, әуе қатынасының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады деді жауаптылар.

 

Сапар аясында бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының жаңғыртудан кейінгі жаңа келбеті де таныстырылды. Көпшілікке енді City Park атауымен есігін айқара ашқан демалыс орнының қала ақсақалдары мен қонақтары леньасын қиып, қала тұрғындарының игілігіне табыстады.

 

Мұнда балаларға арналған ойын алаңдары, серуендеу аймақтары, көрікті демалыс орындары мен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай қарастырылған. City Park Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының сапалы демалысын қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық кеңістікке айналып отыр.

 

Мұнан соң, қала басшылығы жапон саябағында болып, оның жаңа келбеті мен жасалған мүмкіндіктерге жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, үшінші мегаполистер атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қаланың жыл саннап дамып жатқанын тілге тиек етті.

 

Табиғат пен шығыс мәдениетінің үйлесімін көрсететін саябақ ерекше сәулетімен көз тартады. Мұнда жасанды көлде еркін жүзген аққулар келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Сондай-ақ, саябақ аумағында жапон мәдениетін насихаттайтын ұлттық үлгідегі киім киген кейіпкерлер жүріп, келушілерге шығыс елінің рухын сезінуге мүмкіндік береді.

 

Сәндік көпірлер, гүлмен көмкерілген аллеялар мен тынығу аймақтары бұл жерді отбасылық серуен мен мәдени демалыс үшін таптырмас орынға айналдырған. Жаңарған саябақтар қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, Шымкенттің көрікті орындарының біріне айналмақ.

Нұргүл Жолымбетова