Қала күні қарсаңында Шымкентте мегаполистің ең көне демалыс орындарының бірі – «Қиял Әлемі» саябағының орнында бой көтерген жаңа қоғамдық кеңістік – «City Park» салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ, мегаполис тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жоба қалалық ортаны кешенді жаңғырту аясында жүзеге асырылып, халықтың барлық санатына қолжетімді әрі жаңа форматтағы заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, аумағы 4,89 гектар болатын жер телімі өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, жаңарту және абаттандыру жұмысы басталған болатын. Мұнда бұрын орналасқан нысандар бұзылып, саябақ аумағы толық қайта жаңарып отыр.
Бүгінде City Park демалыс, спорт, мәдениет және қоғамдық белсенділікті біріктіретін заманауи урбанистік кеңістікке айналды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы әрі қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасалған.
Жаңа саябақта жастарға арналған шығармашылық аймақтар, іс-шаралар өткізуге арналған ашық амфитеатр, демалыс пен кездесулерге арналған көпфункционалды алаңдар, интерактивті су нысандары, сондай-ақ, фестивальдер мен мәдени шараларға арналған кеңістіктер қарастырылған.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту. Саябақ аумағында жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, әмбебап спорт және ойын алаңдары, сауықтыру серуендеріне арналған терренкурлар, жасыл лабиринттер және арнайы жабдықталған шолу алаңдары орналасқан.
City Park тұжырымдамасының басты қағидаттарының бірі – инклюзивтілік. Жаяу жүргіншілер жолдарынан бастап қоғамдық аймақтарға дейінгі барлық абаттандыру элементі мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарттардың және балалар арбасымен жүретін ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған.
Жобаның жүзеге асырылуы саябақ инфрақұрылымын жаңартумен қатар жайлылыққа, экологиялық тепе-теңдікке және өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа қалалық болмысты қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, City Park Шымкенттің жаңа тартымды нүктесіне айналып, отбасылық демалысқа, мәдени бос уақыт өткізуге және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған заманауи кеңістік болады. Бұл нысанның ашылуы Шымкент қаласының күніне арналған мерекелік бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі болды.







