Түрмеде де өмір бар…

390

Шымкент қаласындағы әйелдерге арналған 167/4-ИЧ түзеу мекемесіндетағдырдың жазуымен қылмысқа ұрынған 300-ге жуық қыз-келіншектер жазаларын өтеуде. Олардың тыныс-тіршілігі қандай? Қателіктерін мойындай ма? Түрмедегі өмірдің өксігі мен былайғы жұрт біле бермейтін тәртібі жайлы сөз етуді жөн көрдік. Сабақ болсын деп.

Мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет капитаны Ізбасаров Қамбар Кеңесбайұлы алғаш мекеменің ішкі, сыртқы тәртіптерімен таныстырып болған соң, жазасын өтеушілердің айналысатын міндеттерін түсіндірді. Күніне 3 мезгіл тамақ, аптасына екі мәрте монша, екі айда 1 рет туыстарымен қауышу үшін 3 күндік, айына бір мезгіл 3 сағаттық кездесу ұйымдастырылып отырады. Мекемедегі тегін цехында бірқатар сотталушылар еңбекпен шұғылданса, бірқатары кітапхана мен асханада жұмыс істейді. Орта білімі жоқтарға сабақ өткізіліп, бітірген соң аттестат берілетін көрінеді. Әр жасақта теледидар бар, шәй ішетін арнайы бөлмелері болады. Ал, қолдары бос кезде демалыс бөлмесінде шахмат, дойбы ойындарын ойнап, газет-журнал оқуларына, туған-туыстарына хат жазуға мүмкіндіктері бар. Мұнда көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істейді. Неше түрлі өнерлілер мен таланттар да баршылық.

Өткен жылы жазасын өтеушілер арасында қолөнер шеберлерінің байқауы өтіп, талай талантты қыз-келіншектердің туындылары Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алыпты. Түрмеде өткен «Қыз сыны» байқауы да талайларды таңқалдырып, тамсандырса, Конституция, Тәуелсіздік мерекелері жоғары деңгейде өтіп, мерекелік іс-шараға көптеген қонақтар шақырылған. Осы айда «Кешікпей келем деп, ең…», келесі айда «Үміт үзгім келмейді» атты іс-шаралар өткізу жоспарланыпты.

Мұнан соң біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмаған Қамбар Кеңесбайұлы бірнеше жазасын өтеушілермен кездестірді. Алғаш бұйығы көрініп, әңгімелесуден қашқақтаған олар оңаша қалған соң ашылып, көңіл түкпірлеріндегі сырларын ақтарып салды.Суретке түсуге де, аты-жөндерін өзгертіп алуды өтінген олардың мұнысын түсінуге де болар. Ешқайсысы да бұл жерге келем деп армандамаған шығар, бәрі де тағдырдың жазуы, кезінде шалт басқан қадамның кесірі. Бірінің соңында ата-анасы, бауырлары, бірінің артында аңырап ұл-қыздары, аяулы жары қалғанын, өздерінің бұндай күйге түскеніне олардың да жүректері ауыратындықтарын жеткізді.

– Бізде заңның осал тұстары көп,- дейді жазасын өтеуші Майрамгүл. – Мұны неге айтып отырмын. Бұл жердегілердің барлығы да-ана. Ал, анасын құрметтемеген, анасын аяламаған мемлекет, оның ішінде заң шығарушы органдар болашақтың тамырына балта шауып отырғандарын сезе ме екен? Елбасымыз таяу жылдары халықтың санын 20 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма жүктеді. Дұрыс, бірақ қалай жетеміз? Елімізде әйелдердің 6 түзеу мекемесі бар. Оларда мыңдаған қыз-келіншектер жазаларын өтеуде. Өзгелерін айтпай-ақ, өзіміздегі жағдайды айтайын. Мекемеде алды 11, соңы 4-5 баланың аналары отыр. Олар мұнда не үшін отыр? Көбісі қорғану мақсатында жазатайым өз күйеулері мен зорлықшыларды өлтірсе, бірқатары алаяқтық баппен түскендер.

Бізде тұрмысқа шықпаған 25 жасар қыз туған бауырын өлтіріп, жазасын өтеуде. Оны мұндай қадамға итермелеген-бауырының анасын ұрып-соғып, қорлауы. Тағы бірі-нашақор күйеуі мұны өлтірмек боп, пышақ оқтағанда қорғану үшін қарсы әрекет көрсетуі салдарынан пышақ жазатайым күйеуіне тиіп, мерт болған. Өлер күйеуі өлді, бұл қылмыскер атанып, жазасын өтеуде. Ал үйде қалған балалардың тағдыры ше? Тірі жетім болып қалған олардың болашағы қандай болмақ? Міне, заң шығарушы органдар мұны ойланулары керек. Әйелдерге кешіріммен қараса немесе айыппұлмен жазаласа деген пікір көп. Тағы бір мысал, әйел неге алаяқтыққа барады? Егер оның төрт құбыласы сай болып, қалыпты өмір сүруге жағдайы болса, ол мұндай әрекетке бармас еді. Бәрі де жетіспеушіліктен, бала-шағасын асырай алмағандықтан барды мұндай қадамға. Біздегі жазасын өтеушілердің 70-80%-ы тууға қабілетті жандар. Егер оларға рақымшылық жасалғанда, халақтың санын өсіруге бұлардың да үлесі болар еді. Рас, арамызда қасақана қылмыс жасағандар, оларына өкінбейтіндер бар. Оларға заңды тұрғыда жаза белгілеу дұрыс. Ал қапыда сан соғып қалғандарды есіркеген жөн деп ойлаймын.

Майрамгүлдің мына әңгімесі біраз ойға жетелегені рас. Құрбысының ойын жалғағандай Бибісара да өз тағдырынан сырды жайып салды алдымызға.

– Мені 19 жылға соттады,-дейді қамкөңіл Бибісара. – Әлі он гүлімнен бір гүлім ашылмаған жаспын. Мен қылмысты әдейілеп жасаған жоқпын, қорғану мақсатында. Бірақ, заңның аты-заң. Ұзақ мерзімді арқалатып жіберді. Әлі 14 жылдай отыруым керек. Сонда 40-қа таяғанымда шыққанда менің жар құшып, бала сүю мүмкіндігім бола ма? «Сотталған» деген ат өмір бойы қыр соңымнан қалмасы тағы бар. Бұл жерден шыққан соң менің ана атануым да, еңбекке араласып, бақытты ғұмыр кешуім де екіталай. Кім білсін, дос-жаран,құрбы-құрдастан да ажырап, бәрінің сырт айналуы мүмкін ғой. Дегенмен, ертеңгі күнге деген сенімім бар. Бес уақыт намазымды қаза жібермей, имандылық жолын берік ұстанған жанмын.

-Мұнда бізге барлық жағдай жасалғанмен, бір ғана нәрсе жетіспейді,-дейді әңгімеге араласқан Қатира. – Ол-аналық махаббат. Үйде қалған балаларымды көп ойлаймын. Кей түндері кірпік ілмей, таңға дейін дөңбекшумен күніміз өтеді. Қазір біреуден қарыз алып, қайтара алмасаң да жазаға тартыласың. Қайсыбір өрімдей қыздар ұялы телефон ұрлағаны үшін де сотталып жатады. Неге біз осындай жеңіл-желпі қылмыстарды елеп, екшеп, айыппұлмен жазалау шараларын қолға алмаймыз? Әсіресе, болашақ аналар үшін. Мұндағы әр жазасын өтеушіге мемлекет есебінен айына 40-45 мың теңге жұмсалады. Кім ұтты, кім ұтылды? Біріншіден-ананың құқы шектеліп жатса, екіншіден-мемлекеттің қыруар қаржысы шығын болуда. Мен бәріне бірдей ара түсуден аулақпын, бірақ жеңіл қылмыс жасап, сотты болған әйелдер көп. Оларға рақымшылдық берілуі керек деп ойлаймын. Күні кеше жас қызды қағып өлтірген, көлік рөліне ішімдік ішіп отырған, оқиға орнынан қашқан полиция майоры рақымшылдыққа ілігіп, біреуден алған қарызын өтей алмаған «алаяқ» әйел түрмеде отыр. Осы да туралық па?

-Тағы бір мысал айтайын. Өткенде жанымдағы бір келіншек босанып, перзентханадан шыққан соң баласын шалғай облыстағы туыстарына беріп жіберді. Сондағы келіншектің көз жасының көл болғанын көріп тұрып, жүрегіміз ауырды. Тоғыз ай көтерген перзентінен тірідей айырылудан асқан азап жоғын түсіндік. Мұндай жағдайды да ретке келтіру мәселесін билік басындағылар ойланса деген өтінішіміз бар.

Тілші түйіні:

Біз сөйлескен жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектердің қай-қайсысының болмасын, көздерінде мұң, сөздерінде өкініш барын аңғардық. Асығыс айтып, албырт сөйлесе де, айтқандарында ақиқат бары рас. Ананың махаббатынан асқан құдірет те, күш те жоқ. Жүректері жаралы, жандары жабырқау тартқан жандар ертерек бостандыққа шығып, отбасыларымен қауышқылары келеді. Ұрпақ өрбітіп, адал еңбек етуді, абайсызда жағылған қара күйеден тазарып, ағайын-туыстың алдында жүздерінің жарқын болуын қалайды. Әттең-ай, кезінде осының барлығын бір сәт ой елегінен өткізіп, әрбір басқан қадамына байыппен қарағанда өкініштен у ішкен жандардың саны аз болар ма еді?! Қалай десек те, тар қапаста қамалған нәзік жандылардың жандарын түсініп, шерлерін бөліскен 1 сағатқа жуық уақыт бізге де оңай соқпады. Бәріміз де анадан туып, қыз өсіріп отырғандықтан, олардың бүгінгі, қоғамнан оқшауланған өмірлеріне өкінішпен қараудан басқа, қолымыздан ештеңе келмейтінін түсіндік. Әйтсе де, тас қамалдың ар жағында да өмір, қыз-қыз қайнаған еңбек барын, қыз-келіншектердің ертеңгі күнге деген үкілі үміттерін көріп, оларға жасалып, жатқан барлық жағдайды саралап, көңілімізге осыны медеу тұттық. Бәріне уақыт сыншы, уақыты келгенде мұның бәрі артта қаларына сендік.

Ердәулет Тұрапбекұлы

Қамбар Ізбасаров, 167/4-ИЧ түзеу мекемесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:

-Айтсын айтпасын, мұндағы жазасын өтеуші қыз-келіншектер әр сағат, әр күндерін санаумен өткізіп, бостандыққа ертерек шыққылары келетінін түсінемін. Біз де өз тарапымыздан оларға жылы сөйлеуге, жандарын түсінуге, лажы барынша көңілдерін көтеруге тырысамыз. Әрбір мереке мекемемізде атаусыз қалып көрген емес. Дүрілдетіп өткізіп, бір сәт болса да жабырқау жүздерді жадыратуға әрекеттенеміз. Мекеме басшысы А. Әшірбаевқа рахмет, іс-шара өткізу барысында барлық мүмкіндіктерді қарастыруға ұдайы көңіл бөліп отырады. Бәріміз де сотталушылардың еркіндікке шығуын, қоғамнан өз орындарын табуын, отбасыларымен қауышуын тілейміз.

 «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рахымшылық жасау» туралы Заңының 4 бабының негізінде әйелдерге арналған 167/4-ИЧ түзеу мекемесінен 7 жазасын өтеуші бостандыққа шықты.