Ордабасыда қызғалдақ жұлған студент қызға 11 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін

628

Ордабасы ауданында студент қыз Қызыл кітапқа енген «Грейг» қызғалдағын жұлып, оның видеосын ТікТок парақшасында жариялаған. 22 жасар бойжеткен енді жауапқа тартылатын болады.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді бақылау барысында жас қыздың қызыл кітапқа енген және заңмен қорғалатын гүлдерді жұлып алған сәтінің видеосын анықтаған.

Тексеру кезінде  оқиға Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта түсірілгені белгілі болған.

Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі полиция бөлімінде тіркелді. Барлық жағдайлар анықталуда.

Полицейлер іс-материалдары тиісті органға жолданатынын айтты.

Айта кетейік, сирек кездесетін өсімдіктерді, соның ішінде «Грейг» қызғалдағын жұлғандар Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 3 мың АЕК (11 млн 76 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 3 жылға бас бостандығын айыру/шектеу болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

(Фото: Түркістан облыстық ПД)