ҚР еңбек сіңірген әртісі әрі әнші Бақтияр Тайлақбаевтың сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай 19-сәуір күні Шымкент қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде жеке шығармашылық кешін бермек. Аталған кешке әншінің өнердегі әріптестері және шәкірттері қатысады.
Бақтияр Тайлақбаев Жамбыл гидромелиораттық құрылыс институты Қызылорда филиалын бітірген. Шығармашылығын 1983 жылы «Гүлдер» ансамблінен бастаған.1984 жылы Мәскеу қаласында өткен жас орындаушылардың бүкілодақтық «С песней по жизни» телеконкурсының гран при иегері. 1993 жылы Гнесин атындағы Ресей музыка академиясын «эстрадалық вокал және эстрада режиссері» мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан. Ұстазы Иосиф Кобзон. 1995 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 1998 жылы V Халықаралық Каир және «Азия дауысы» фестивалдерінің лауреаты. 1999 жылы Варна қаласында өткен Халықаралық «Discoveri» байқауының лауреаты.«Сыр елі жаңа жұлдыздары» жас орындаушылардың телебайқауының, Кеңес Дүйсекеев атындағы Республикалық композиторлар байқауының, «Қорқыт жаңа дала сазы» түркі тілдес елдерінің халықаралық дәстүрлі ән фестивалінің ұйымдастырушысы.
Бақтияр Тайлақбаев, әнші: «Менің соңғы кездері сахнадан көрінбей кетуімнің бірден бір себебі, шәкірт тәрбиелеп жүргендігім. Өйткені, Алматы қаласында «Арт Сервис» атты продюсерлік орталығым бар. Негізгі қызметі ән жазып өңдеу, жас әншілерге үлкен сахнаға жол ашу. Біздің кезімізде қолымыздан жетектеп, бағыт бағдар берген азаматтар аз болды. Сол үшін қазіргі жас әншілер қиналмаса, кезінде біздің өнерде көрген қиындықтарымызды көрмесе деймін. Жақында әзірге атауы «Талант» атты болашақ жас әншілерді дайындайтын мектеп ашпақпын. Ондай мектеп Қазақстан бойынша жоқ. Бұл ауылда жүрген небір жас талант иелеріне өнер жолына үлкен жол ашады.