Аптап ыстық басталысымен Қошқарата өзені шымкенттіктердің ең көп баратын демалыс орнына айналды. Күн сайын мыңдаған адам суға түсіп, жағалауда уақыт өткізеді. Алайда тұрғындардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген? Шомылушылар ережені сақтай ма?
Қошқарата өзенінің жағалауы таңертеңнен кешке дейін адамға лық толы. Бірі ыстықтан сая тапса, енді бірі салқын суға шомылып, сергіп қайтады. Табиғи бастаудан нәр алатын өзен тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.
«Қошқарата суы тамаша. Бәрі жақсы. Шомылып жатырмыз. Келіп шомылыңыздар. Тек қоқыс тастап, ластамаңыздар. Таза ұстау керек».
«Жақсы, емдік су. Тазалығы да жақсы. Орындықтар қойылған. Бала шаға тіпті жақсы. Қазіргі аквапарктер 4-5 мыңнан кіресің ғой. Бұл жер тегін жақсы».
Құтқарушылардың айтуынша, жаз мезгілінде орын алатын қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болады. Сондықтан рейдтік шаралар жаз бойы тұрақты түрде жалғасады. Өйткені, бұл аумақта 70 шаршы метр жер ғана шомылуға рұқсат берілген.
АСҚАР ШӘРІП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ: «Қошқарата ата өзені аумағы рұқсат етілетін орын болғандақтан, ең бірінші кезекте тұрғындарымыздың қауіпсіз шомылуына барлық жағдай жасалған. Шомылатын орын болғандықтан, қарапайым баспалдақтан бастап, шомылатын орындардың қоршалуы, оның тазалығы, одан бөлек, құтқарушылар күнделікті рейдттік жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстарды біз сәуір айынан бастап өткізіп келеміз».
Шара барысында құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, тыйым салынған аймақтарға арнайы тақтайша орнатты. Бұдан бөлек, арнайы жадынамалар мен ақпараттық брошюралар таратты. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, суға мас күйде түспеу және қауіпті аумақтарға бармау жөнінде ескертулер жасалды.
«Жедел құтқару жасағынан боламыз. Шомылғанда абай болыңдар. Қарындастарыңа, інілеріңе қарап жүріңдер. Осыған қарап, оқып танысып жүріңдер».
Мамандардың мәліметінше, жұмыс күндері өзен бойына 3-4 мың адам келсе, демалыс күндері бұл көрсеткіш 8-9 мыңға дейін артады. Келушілер санының көбеюі қауіпсіздік талаптарын күшейтуді қажет етеді. Сондықтан, бұл аумақ жарықшамдар мен бейнебақылау камераларымен толық жабыдқталған.
БАУЫРЖАН ҚАУМЕШОВ, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ: «Бұл жерде Қошқарата учаскесінде 112 жарық бағанасы мен 27 камера бюджет есебінен қойылған. Сол арқылы қарауылдар толық бақылап отырады. Тәртіп орын алған жағдайда барып ескертеміз. Оған бағынбаған жағдайда полицияға хабарласамыз».
Қошқарата өзені бүгінде жазғы демалыстың қызған орталығына айналған. Мыңдаған адам келетін бұл орында қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Себебі бір сәттік салғырттықтың соңы өкінішке ұласуы мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға және балаларды үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Айта кетейік, қала бойынша шомылуға тыйым салынған 13 орын болса, шомылуға рұқсат етілген небәрі 3 аймақ бар.
Нұргүл жолымбетова
