Адасқан кейуана қаңғыбастар орталығында жүр

Муслима Котлобулатова

Адасқан кейуана қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығынан бір-ақ шықты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қырқүйек-қазан айларында «Отырар» телеарнасының тілшілері Ресейдегі отбасын тастап, Шымкенттегі туыстарын іздеп, адасып жүрген Муслима Котлобулатованың мәселесі жайлы көрерменді құлағдандырып отырған болатын. 62 жастағы жалғызілікті анаға дәл сонда қамқоршы да табылып, мәселе жылы жабылған. Енді ол оншақты күннен бері бейімдеу мекемесінде жүр. Қаңғыбастар орталығына кейуананы жетелеген кім?

Кейуана алғаш қалаға келгенде оның қолында көмек сұраған бір жапырақ қағаз ғана болды. Шымкент теміржолы бойында сенделіп жүрген кейуанаға кездескеннің бәрі қол ұшын созуға тырысып баққан.

Шымкентте сенделген үш күнде Муслима апайды ешкім өгейсіткен жоқ. Жас жігіт Шамшиддин Башатов кейуананы уақытша паналатып, жағдайын жасады. Ауруханаға апарып, емдетуге әрекеттенді.

Қазақ-түрік клиникасында 10 күн ем алған әжейді мұнан соң, үйінде күтуге әзір жаны жайсаң жандар табыла кетті. Венера Шамшиддинова Муслима Катлобулатованы бағып-қағуға уәде берген дәл сонда.

«Әжейдің ахуалы мені қатты толқытты», – дейді Венера. -«Адамгершілік тұрығысынан ойлана келе, оны қолыма алуға бел байладым. Ешкімнің көмегінің қажеті жоқ. Кейуана өзіміз нені қорек етсек, соны береміз, өгейсітпейміз».

«Отырар» телеарнасының тілшілері кейуанаға отбасын тауып беру үшін Катлобулатованы Ресейдегі қызымен де тілдестірді. Бірақ, жанұясына ренжіген ана отанына қайта оралғысы келген жоқ.

Кезекті түсірілімдердің бірінде кейіпкерімізді Шымкенттегі қаңғыбастар орталығынан кездейсоқ ұшыратқанда таң қалдық. Осында тұрып жатқанына 10 күнге жуықтаған ананың көңілі мұндағыларға тоқ.

Кейуананың бұл қылығын қамқоршысы болуға тырысқан Венера Шамсуддинова оның өзінен көреді. Өйткені, ол баяғы әдетінше ескертусіз үйден кетіп қалуды жиілеткен. Нәтижесінде іске шіркеу қызметкерлері араласып, өзін айыптап, Муслиманы осы орталыққа жеткізеді.

Осыдан соң Венера адам баласына жақсылық жасауға болмайтынын айтып, ренжіп жүр. Айтпақшы, Қазақстанның азаматтығын алып үлгерген кейуанаға қазір мұнда жеке куәлік жасалып жатыр. Сонан соң қарттар үйіне жіберілуі тиіс. Бірақ, Муслима Котлобулатова одан да бас тартып жатқан көрінеді.