Бәсекеге қабілетсіз ЖОО-ы жабылады

«Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты лицензиясынан айрылыпты», -деген сөз желдей есіп тұр.

Бұған негіз болған жәйт, Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына ілінген ақпарат болып отыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының лицензиядан қағылғандығы жөніндегі ақпаратта біздегі аталмыш оқу ордасы да бар. Ал педагогика институтының оқытушылары өз кезегінде бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Іргелі оқу орындарының басына төнген қандай қауіп? Министрлік не себепті мұндай қадамға барып отыр?

Білім беру жүйесін жаңғырту барысында еліміз батыл бастамаларды қолға алып, қат-қат шаруаны тындыру үшін білек сыбана кірісті. Жер-жерде білім ошақтары көптеп ашылуда. Осыдан 20 жыл бұрын елімізде 60 ЖОО болса, қазір бұл көрсеткіш 150-ге жуықтайды. Мемлекет басшысы ғылым – мен білімді дамыту бойынша еліміздің кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингісінде аталу керектігін қадап айтқан еді. Осыны қаперіне алған ҚР Білім және ғылым министрлігі білімді дамытуға көңіл бөле бастады. «Білім туралы» Заңның жаңа нормаларына сәйкес, министрлік жоғары оқу орындарын классификациялаудың барлық деңгейлері бойынша жаңа талаптар әзірледі.

Олар: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар мен институттар. Соның негізінде министрлік барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының желілерін оңтайландыруға күш салды. Дегенмен, материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін, халықаралық талапқа сай келмейтін жоғары оқу орындары әлі де бар. Жоғарыда айтып өткендей, ҚР Білім және ғылым министрлігі 9 жоғары оқу орнының 69 түрлі мамандық беру ісіне тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 6 жоғары оқу орынның кейбір мандықтары бойынша лицензия беруден бас тартқан. Министрліктің сын-садағына ілінгендердің қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары университеті және «Болшақ» университеті бар.

Осы жайтқа байланысты түсініктеме берген ОҚМПИ-дің бірінші проректоры Дінислам Болатханұлы студенттерге еш алаңдауға негіз жоқ дейді. Оның айтуынша педагогикалық институтқа тек «Дизаин» мамандығы бойынша лицензия берілмеген. Яғни, институт студенттері тек педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуы тиіс. Қалай болғанда да оқу ордаларына байланысты мәселенің анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болмақ.
Негізінде Бақытжан Жұмағұлов отандық сапасыз білім ошақтарының қысқаратыны туралы Үкімет отырыстарында қайта-қайта ескертіп жүр. Оның айтуынша 2012 жылы – 22 жоғары оқу орны, 2013 жылы 30 жоғары оқу орны мемлекеттік аттестациялаудан өтеді. Ал білім беру және білім беру қызметін лицензиялау бойынша 2012 жылы – 50, 2013 жылы 45 жоғары оқу орнын сүзгіден өткізу жоспарлануда. Бақытжан Жұмағұлов енді 3-4 жылдан кейін елімізде 100-ге тарта оқу орындары қалатынын жария етті. «ЖОО-дың қисапсыз өсуi бiлiм берудiң сапасына керi әсерiн тигiздi. Тексерiс барысында университет атын жамылған бiлiм беру ошақтарының бiрқатары оған лайық емес екендiгiн көрсеттi.

Сондықтан, тек жекеменшiк ЖОО-ға ғана емес, мемлекеттiк оқу орындарына қойылатын талаптар да күшейедi. Алдағы жылы 20 жоғары оқу орны қысқарады немесе колледждерге ауыстырылады. Болашақта елімізде 50 шақты ғана ЖОО-ны қалады»,-деп министр отандық оқу орындардың тізігінін ұстағандарға құлаққағыс етіп қойды.
Десек те, әлемнің мойны озық оқу орындарымен иық тіресуге ұмтылған жетекші университеттер елдің сұранысын қанағаттандырып отыр. Білім мен ғылым саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен оқу орындарының қадамы кейбір қаражаяу білім ордаларына үлгі. Осы орайда көшбасшы жоғары оқу орындарының кезекті рейтингісіне үңіліп көрген едік. Қазақстандағы көпсалалы жоғары оқу орындарының тізімін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастап тұр. Одан кейінгі сатыға М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жайғасқан. Ал Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 4 және 5 орындарда тұр.

Осы тұста жоғары дамыған ақпараттандыру заманында техникалық мамандықтардың қыр-сырын үйрететін үздік білім ошақтарын айтпай кетуге болмас. Техникалық мамандар дайындауда соңғы 10 жылдың көлемінде Қазақстан-Британ техникалық университеті үздік орыннан табылып жүр. ҚБТУ – зор беделі бар және британ жоғарғы мектептері мойындаған – қазақстандық бiлiмнің көшбасшысы. Одан кейінгі үздік орындар Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне бұйырыпты. Иә, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін бағалауға, университеттің маркетингін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағалау жүйесінің қызметі зор. Мұндай рейтинг бүгінде әлемнің 50-ден аса мемлекетінде жүргізілуде.

Айта кетейік, отандық жоғары білім беру мекемелерін Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттік електен өткізген.
Енді бірер айдан соң ұлттық бірыңғай тестілеуден аман-есен өткен талапкерлер алып-ұшып, жоғары оқу орындарының табалдырығын тоздырары анық. Олардың бар мақсаты – таңдаған мамандығы бойынша жоспарлаған оқу ордасына топ ете түсу. Иә, білім қуған талапкерді сүйікті оқу орны ыстық ықыласпен қарсы алып, білім нәрімен сусындатса құба-құп. Талапты жастың білікті ұстаздан дәріс тыңдап, саналы білім алғанда ғана еліміздің көгеретінін естен шығармайық.

 

Сіз не дейсіз?

Мәдина ҚАЛМЕТ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті:
– Жоғары оқу орындарының бәрі дерлік сапалы білім береді дей алмаймын. Әсіресе, жас мамандардың біліктілігіне назар аударылуы керек. Жалпы, студенттер қауымы оқу орнының рейтингісіне мән берудің қажеті жоқ. Біз үшін қай оқу орны болмасын, оқуға ыждаһаттылықпен қарап, өз бетімізше білім алуға тиіспіз. Өйткені, болашақтағы еңбек жолың білім-біліктілігіңе байланысты болмақ.

 

Жарылқасын ОҢАЛБЕК, Академиялық инновациялық университеттің ректоры, п.ғ.д,,профессор:

– Білім мен ғылымға бетбұрыс жасаған заманда ең алдымен болашақ ұрпақтың жайын ойлауымыз керек. Мойындау керек, кейбiр оқу орындарында талапқа сай бiлiм жоқ. Еліміздегі жоғары оқу орындардың материалдық-техникалық базасына, ұстаздар қ:ауымының білім-біліктілігіне рейтинг жасап тұру құптарлық. Дегенмен, студенттер мамандықты жоғары оқу орындарының рейтингісіне қарап таңдауы бұл қате шешім. Жеке меншiк оқу орындары да сапалы бiлiм берiп, бiлiктi маман даярлай алады. Мәселен, Академиялық инновациялық институт 2010-2011 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы «Ең үздiк оқу орны» номинациясын жеңiп алған.