Ардагерлер кеңесіне — 25 жыл.Мемлекеттік тапсырыстағы қым-қуыт жұмыстардан босап, зейнеткерлікке шығып, еркіндеу жүріп қалған кезім. Құралақан емеспін. «Аталар сөзі» газетінің бас редакторымын. Бұрынғыдай дәл сағат 9.00 -де емес, оннан өте қызметке барамын. Қалаған уақытымда қайтамын. Әрине, атқарар жұмысты тәмамдаған соң. Тәртіпсіздіктен Құдай сақтасын.
Д. А. Қонаев даңғылының бойында үш қабатты шағын ғана үй бар. Жандарындағы көк тіреген көркем ғимраттарға қарғанда көзге қораштау көрінетін өзіндік архитектуралық келбеті айқын бұл үйде заманымыздың заңғар тұлғасы, қазақтың ұлы перзенті Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың мұражайы, Димекең атындағы қор және осы қордың басылымы «Аталар сөзі» газетінің редакциясы орын тепкен.
Редакцияда әдеттегідей мақаланы өңдеумен айналысып отырған сәтімде телефон сылдыр ете қалды. Көтердім.
– Байділда қарағым, сенсің бе? — деді тілі майда, құлаққа жағымды дауыс.
– Иә, мен тыңдап тұрмын, — дедім бұрындары бұл дауысты естігенмен шырамыта қоймадым.
– Мен Еркінбек ағаңмын ғой,- деді әлгі жұмсақ үн.
Ерекең өте сирек телефон соғатын. Көбінесе үлкен газеттің үлкен редакторларымен сөйлесетін үлкен жазушының кішкентай газеттің жасамыс редакторына қоңыраулатуы мен үшін күтпеген жәйт.
— Біздің үйге келіп кетші, әңгіме бар.
– Телефонмен айта берсеңізші.
– Жоқ. Кеңінен отырып сөйлесетін шаруа. Бүгін ешқайда кетпеймін. Үйде боламын. Күннің қай мезгілінде болса да күтемін,- деді ол. Қазақтың қалаулы жазушысы, оның үстіне жерлесім, Шаянның Шолоховы атанған асыл ағаның меселін қайтаруға қалай дәтің барады. Бірден келістім.
Ер ағаңа жергілікті билік басындағылар 4 — мөлтек ауданнан 3 бөлмелі үй берген. Халық, Отан алдындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегін жерлестері осылай бағалаған. Өте құптарлық әрі биліктегілердің бұл берекелі ісі мақтауға тұрарлық.
Бардым. Үйде Ер ағаңның қасында туған күйеу баласы, полиция полковнигі маған інілік жағы жақын Серік Жорабеков отыр екен. Екеуі де құшақ жая қарсы алды. Ақжарқын көңілмен амандасып, үстелдің төріне отырғызды. Дастархан жайнап тұр, шәй қайнап тұр.
– Саған аса жауапты жұмыс тапсырғалы отырмын,- деді Ер ағаң баяғы салмақты қалпымен. – Өзің білесің, биыл 80 жасқа толамын. Тойға еліміздің түкпір-түкпірінен, Астана мен Алматыдан сыйлы қонақтар келеді. Тойдың асабалығына сені қалап отырмыз.
– Ер аға, мұныңыз қалай? Жас болса, біразға келіп қалды. Зейнеткермін. Небір азуы алты қарыс асабалар тұрғанда маған не жорық?- дедім.
– Ағаңа қызмет жасауға арланба. Сенің қолыңнан келетіндігіне сенгендіктен осылай ұйғардық,- деп Ер ағам әңгімені кесіп айтты. Отыз жылдай ұмыт болған асабалық тізгінді қолға алатын болған соң, Еркінбек ағаның өмір жолын бұрынғыдан да тереңірек зерттеуге, шығармаларын шұқшия оқуға тура келді.
Еркінбек аға — ел таныған, халық мойындаған жазушы. Оның қарымды қаламынан туындаған «Ақбақай», «Келіншектау», «Көксеңгір», «Темірлан», «Бәйдібек» сияқты повестері мен тарихи-танымдық романдары халық қазынасына, қазақ әдебиетнің алтын қорына айналғаны әлдеқашан. Әр кітабын оқыған сайын Қаратаудың шынар биігіндегі мөлдір бұлақтың мейіріңді қандыратын мұздай таза суынан қаныға ішіп, шөліңді басқандай боласың.
Әсіресе, әдебиеттің небір марқасқалары мен нарқасқалары қадам баса бермейтін тарихымыздың жауһарлары Ақсақ Темір мен Бәйдібек сияқты ұлы тұлғаларын алдыңа әкеп, олардың жойқын істеріне кәдімгідей бірге араласып жүргендей өзіңді сезінуің керемет емес пе?
Ұлы Мұхтар Әуезовтің соңғы сапарлары Оңтүстікке тікелей байланысты болғаны баршамызға мәлім. Ұлы Мұхтар Алғабас, Қызылқұм, Созақ аудандарына, Түркістан, Кентау қалаларына барған сапарларында қасында болып, Оңтүстіктің әрбір тасы мен суын, тарихи жәдігерлерін, тамаша қаһарман еңбек майталмандарын Мұхаңа таныстыра, баяндай жүріп, өзі де ұлы адамның ұлағатты сөздерінен, мұхиттай терең ойларынан суысындап, әр қимылы мен жүріс-тұрыстарынан, адамдармен сөйлесу мәнерінен үлгі-өнеге алды.
Қазақ халқының Мұхтардан кейінгі ұлы суреткері Ғабит Мүсірепов Ер ағаңды Жазушылар одағына мүшелікке қабылдар кезде: «Басқасын білмеймін, бірақ бұл жігітті Мұхаңның қасында жүріп, атқосшы бола білгені үшін-ақ мүшелікке алуға болады» деген сөзі Мұхаңның жанына кім болса, соның жүрмейтіндігін, кемеңгер адамға жолдас болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін дәлелдеп тұрған жоқ па?
Еркінбек Тұрысов шығармашылық жолда жүре отырып, қазақ халқының небір жақсыларымен, жайсаңдарымен, шешендігімен, қарымды қаламгерлігімен тұтас еліміздің биік тұлғалары атанған Сәбит Мұқановпен, Жәрдем Тілековпен, Шерхан Мұртазамен, Әзілхан Нұршайықовпен, Қалмұхан Исабаевпен, Рахманқұл Бердібаевпен, тағы да басқа айтулы ақын-жазушылармен, ғұлама ғалымдармен дәмдес, дастархандас болып, олармен әдебиет майданында пікір таластыра отырып, классиктердің қазыналы ойларын өз бойына сіңіруі, жазушылық өнердің биігінен көтерілуіне көп көмегін тигізді.
Қазақстан сияқты әлем таныған мемлекеттің әдебиет деген шаңырағында ойып орын алған, Абай, Мұхтар Әуезов салған ұлы жолда кестелі, келісті, көркем, ойлы тілімен классиктер қатарына қосылған Еркінбек Тұрысовтың бейнесі қасиетті, қазыналы Қаратаудың ұшар шыңында тұрған мұзбалақ қырандай, Қаратаудың күнгейі мен теріскейі алақанында тұрғандай елестейді.
Ер ағаң соңғы кездері өткен тарихымызға терең үңіліп, әсіресе Бәйдібек баба туралы көбірек жазып, алғашқы романына қосымша тың жаңалықтар ашып, ізденуін, тарих тұңғиығына үңілуін одан әрі жалғастыра түсуде.
– «Бәйдібек» атты кітаптарды жазарда,- дейді Ер аға — 50-ден астам автордың еңбектерімен таныстым. Оны Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін жауға қарсы бастаған батыр еді деседі. Сондай-ақ, оны Әмір Темір көрегеннің замандасы деп жүр. Менің көзімінің жеткені — ол Шыңғысхан заманынан үш ғасыр бұрын X ғасырдың басында өмір сүрген аса ірі тарихи тұлға.
Оңтүстік өңірінің, Жетісу, Сыр бойының үлкен ғұламасы Барлыбай Байсалұлының «Диһмат маманың тарихы» еңбектерінде, берідегі Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ шежіресі» кітабында, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», «Қаракерей Қабанбай» романдарында Бәйдібек есімі еліне ұран болған деп айқын айтады.
Иә, Ер ағаң Бәйдібек баба туралы өз ойын осылай жеткізеді. Оның өз заманында елі мен жерінің қорғаны болғанын, нағыз қас батыр, орақ тілді шешен, даналығымен, көрегенділігімен қасиетті кісі атанғанын жан-жақты дәлелдейді.
Миллиондаған, миллиардтаған жылдарды қамтитын тарихтың тереңіне үңілген сайын жықпыл-жықпыл, қым-қиғаш ойлардың қыспағынан шыға алмай дал боларың ақиқат. Бәйдібек туралы, оның өмір сүрген кезеңі туралы сан тарау пікірлер жетіп артылады. Бұл тақырып әлі талай тарихшылардың, шежірешілердің, жазушылардың қаламына жүк болары сөзсіз. Ең бастысы біздің Еркінбек аға осы жауапты әрі өте маңызды тақырыпты ертеңгі күні тарихқа қиянат жасамайын ба деп қорықпай алып, әңгіме шертуі, оны қолына қалам алып, қағаз бетіне түсіріп, көпшілікке ұсынуы батырлықпен пара-пар.
Айта-айта, жаза-жаза түбінде бір шындыққа, шындық қиындау шығар, бір жорамалға тоқтап, пәтуаласатын шығармыз. Лайым сол күнді Құдайым жақындата түссін деген тілек бүкіл саналы, зиялы қауымның ойында бар шығар.
Қазақстан Республикасынының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының және Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, «Шаянның Шолоховы» атанған жазушы Еркінбек Тұрысов 1927 жылы 12 қазанда Шығыс Қаратауда, Бәйдібек ауданының Талдыбұлақ ауылында, Әжібек қыстауында өмір есігін ашқан.
Еркінбек ағаның өмір тарихына үңілген сайын, оның кестелі ойға толы шығармаларынан нәр алған сайын қазіргі заманның биік тұлғалы адамымен замандас болғаныңа қуанасың. Оның үстіне ел сыйлаған, құрмет тұтып қадірлеген абыз ақсақалдың 80 жасқа толған мерейтойында асабалық жасап, жақсылардың, мықтылардың алдына шығу мың мәртебе екендігіне көзім жетті. Той тамаша өтті. Небір көсемсөз зергерлерінің шешіле сөйлеген сөздері еліміздің де, негізгі кейіпкер Ер ағаның да абырой-беделін асқақтатып тұрды десем артық айтқандық емес.
Еркінбек ағаның соңғы мерзімді баспасөздерде, атап айтқанда «Егемен Қазақстан» ,»Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде, журналдарда жарияланған материалдары тарихтан сыр шертуімен қатар бүгінгі өмір тынысына, тәуелсіз Қазақстанның шаңырағының биік, босағасының берік болуын да айрықша құлшыныспен баяндайды. Еліміздің қоғамдық өміріне белсене қатысады. Жастармен кездесулерге жиі барып, оларды отансүйгіштікке, адалдыққа, еңбекшілдікке баулитын мәселелер төңірегінде келелі әңгімелер қозғайды.
Жастар, оның ішінде студенттер мен оқушыларға жазушы, аңшы Еркінбек аталарының әңгімесі айрықша ұнайды. Өз басынан өткен оқиғалардың өзін тартымды, әсерлі тілмен жеткізе білетін Ерекеңді ересектер де тыңдауға құмар. Ерекең — облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі. Халықты ынтымаққа, бірліке шақыратын түрлі жиындар мен басқосуларға ол белсене араласып, аталы сөзін айтудан әсте жалыққан емес.
Сексеннің бесеуіне қадам басқан Ерекеңнің шырайлы Шымкенттің көшелерінен қолтығында папкасы, жаяу кетіп бара жатқанын жиі көреміз. Қадамы ширақ. Еңсесі биік. Ұзын бойлы Ерекең еңкіштемеген. Қайта сергек, сезімтал, кербез ағамыздың қаламы жасы ұлғайған сайын қатая түскендей. Маржандай тізілген әсем әріптер ақ қағаз бетіне түскен сайын жаңа, тамаша ой иірімдеріне толы шығармалар тізбегі молайған үстіне молая түсуде.
Қай кезде болса да ақын-жазушылар, жалпы өнер шеберлері елдің еркесі болған. Әрине бәрі бірдей емес. Халық еркелететін серілерін өздері танып, тауып алады да, оларды алақанына салып аялайды, құрметтейді. Елдің атын ер шығарса, ердің атын елі шығарады. Сөйтіп олар бір-біріне тапжылмай, айнымай қызмет етеді. Міне, сондай таңғажайып еңбектерімен елінің еңсесін көтеріп, абыройын асқақтатып жүрген ер тұлғалы Еркінбекті үлкен-кішісі еркелетіп, құрметтеп Ер аға деп атайды. Мен Еркінбек аға туралы шағын әңгімемді ақын Әбілда Аймақтың мына бір өлең шумақтарымен аяқтағанды жөн көріп отырмын.
Ел деп соқты жүрегің,
Елге арналды тілегің,
Қарсы аққан ағысқа,
Қазағымның ұлы едің.
Қашап жаздың тарихты
Қаратаудың төсіне.
Таусылмасын лайым,
Алла берген несібе!
Мың жасыңыз тірлікте,
Қартаймайтын сезімдей
Сол биікте тұра бер
Қаратаудың өзіндей.
Қаратауды қаламының қаһарманына айналдырған, бұл күндері өзі жырлаған Қаратаудай тұлғаға, абыз ақсақалға айналған Ер ағаңды елі еркелете берсін. Біз одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ал Ер ағаң сөзінен, жүрісінен жаңылмаса болғаны.
Байдулла ҚОНЫСБЕК,
Қазақстанның құрметті журналисі.