Ермек Дәрменов байкерлікпен әуестенеді

381
Екі дөңгелекті көлікке Ермек демалыс күндері ғана отыруға мүмкіндігі бар

Спорт шебері, футбол мектебінің директоры, кәсіпкер… Ермек Дәрменовтың тағы бір қырын оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Кешегі ата-бабамыз ат құлағында ойнаған қазақтың баласы емес пе?

Ермек Аманжолұлы байкерлікпен де әуестенеді екен. Қала сыртындағы күре жолға мотоциклін ерттеп мініп жиі шығады екен. Ол желмен жарысқанды ұнатады. Трасса бойындағы жол сақшыларымен көзтаныс болып қалған. Себебі сағатына 300 шақырымнан астам жылдамдықпен жүйткіп өте шығатын жігіттің жол сақшыларының жіті бақылауына түспей қалмауы екіталай.

– Бұл жақында пайда болған әуес ісім емес. Бала кезімнен жылдамдықты жаным сүйеді. Бастапқыда велосипедті айдап, мәз болсақ, өсе келе мотоциклге отырдым. Ең алғаш рет ИЖ «Юпитер-3» деген екі дөңгелекті темір тұлпарды сатып алсам, кейіннен «Уралды» да айдадым. Алайда, Алматыда жүргенімде бұл әуесімді ұмытуға тура келді. Біраз уақыт мотоцикл айдауға қолым да тимеді. Бірақ, кейіннен Шымқалама қайта орала салысымен-ақ, желмен жарысар темір тұлпарыма қайта отырдым. Сөйтіп, 2000-ші жылдан бері бұл менің жан рахаты үшін серік еткен әуестігіме айналды деуге де болады.

Бір ұжымның басшысысыз, депутаттық шаруаңыз да аз емес. Мотоцикіл айдауға уақытыңыз тіптен бола бермейтін шығар? Қай кезде үлгересіз?

– Әрине, күнде айдауға мүмкіндік жоқ қой. Мемлекеттік қызметкер болған соң түрлі ресми шараларға қатысуым керек. Оның үстіне футболдан жарыстар көп, өзге облыстарға да жиі шығуға тура келеді. Негізгі жұмысыма әуес ісім кедергі болмауы керек деп ойлаймын. Сол себепті де мейлінше жұмыстан тыс уақытта екі дөңгелекті көлігіме мініп, қала сыртына шығып тұруға тырысамын. Көбіне сенбі жексенбі күндері жүйіткеймін. Мұндай мүмкіндік кейде айына екі-ақ рет туатынын да жасырмаймын.

– Мотоцикіліңіздің «маркасы» соңғы үлгідегі сияқты ғой…

– Жоқ, су жаңа деп айту қиын, 2004 жылғы. Жапондықтардың «Yamaha» мотоциклі. Бастапқыда істен шыққан жерлері бар болатын. Бірақ, оның барлығын да қазір жөнге келтіргем. Менің мотоциклімдегі ең жоғарғы жылдамдық- сағатына 320 шақырымды көрсетеді. Оның үстіне осы қаладағы байкерлермен барлығымыз тығыз байланыста боламыз. Сол азаматтардың да көмегі зор. Ақылдасып, бір бірімізге қол ұшын беруге қашанда дайынбыз.

– Ал қаланың ішінде аса үлкен жылдамдықпен жүру мүмкін емес болар?

– Мүмкіндігінше, қаланың сыртындағы ашық тас жолға шығамыз. Ал қаланың ішінде, әрине, қиындау. Көлік тығындары бар, оның үстіне біздің жүргізушілердің мәдениетін баршамыз жақсы білеміз. Маған ренжімес деп ойлаймын. Негізінде, сол азаматтардан қашып-ақ ашық, көлік аз жүретін жолды іздейміз. Шымкенттің ішінде екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері менімен толық келісер деп ойлаймын. Өйткені, жол ережелерін бұзып, солға немесе оңға кенеттен, жарықтарын қоспай-ақ кілт бұратын азаматтар жеткілікті. Осыдан келіп, жол апаты орын алып жатады.

– Үлкен жылдамдықпен жүремін деп, жол сақшыларының қолына талай түскен шығарсыз?

– Иә, ондай да болған. Тым қызығып кетіп, жылдамдықты асырып жібергенімді байқамаппын. Жол полициясы қызметкерлері тоқтатты. Енді, әр жүргізуші секілді тиісті айыппұлды төлеп, келесіде жай жүруге тырыстым. Әрине, қала ішінде үлкен жылдамдықпен жүре алмаймыз, жол ережелерін де бұзбауға тырысамыз. Өйткені заң барлығымызға бірдей емес пе?

Сізді жол апатына да ұшыраған деп естідік…

– Ия, ондай да оқиға болды. Бағыттағы таксимен қақтығысып, жол апатына ұшыраған кезім бар. Мұндай көлік жүргізушілерінің жолдың ортасына тоқтап, жолаушы алатын әдеттері бар емес пе. Міне, сондай сәттердің бірінде мен дер кезінде тоқтай алмай, соқтығыстым. Жарақат та алдым. Көлігім де бұзылып, қайта жөндеуге тура келді. Егер, бағыттағы таксидің жүргізушілері тоқтар алдында жан-жағын бағамдай білсе, мұндай келеңсіз оқиға азаяр ма еді?! Бірақ, Аллағы шүкір, балалық шақтан бері серік етіп келе жатқан сүйікті әуестігім болған соң, мұндай қиындықтарды ұмытып кетеді екенсің.

Жасыңыз ұлғая келе бұл әуес ісіңіз кейінгі сатыға жылжи беретін болар?

– Отбасым, жақындарым да «бұл әдетіңді қоятын кезің келді ғой» деп жатады. Бірақ, олармен келісуім қиын. Негізгі жұмысыма кедергісін келтірмейтіндіктен екі дөңгелекті көлігімді кейінге сырып қояр сәт келген жоқ деп ойлаймын. Оның үстіне сыра ішіп, кафелерде отырғанның орнына қала сыртына шығып, мотоциклмен желмен жарысқаным артық деп ойлаймын.

Көлігіңіздің маркасын ауыстыруды ойластырып жүрген жоқсыз ба?

– Енді оны уақыт көрсетер. Жағдайым көтеріп жатса неге бұдан жылдам мотоциклге ауыспасқа. Мәселен, «Ducati» сатып алуға да болады. Мәселе мотоциклде емес, біздің көлік жүргізушілерінің мәдениетінде. Жол үстінде бір-бірімізге сыйластықпен қарасақ екен деп үміттенемін.

Әңгімеңізге рахмет. Ақ жол тілейміз!