Кедейшілік ананы перзенттерін балалар үйіне өткізуге мәжбүрледі

331
Ақмаралға көмек керек

Арнамызға арнайы келген Ақмарал Мейірбекова жүрегінде жарасын арқалап, көмек сұрайды. Көзіне жас алып, ішіндегі мұңын шаққан ананың бес баласы бар, мемлекет тарапынан ешқандай көмек те алмайды екен. Өлместің күнін кешіп жүрген Ақмарал аты жаман онкологиялық ауруға шылдыққан. Емделуге ақшасы да жоқ.

Ақмарал кей күндері балаларына ішерге ас, киерге киім таба алмай сал болады. Тұрғылықты мекен-жайы да жоқ, ол бес баласымен бірге Қайнарбұлақ саяжайында үй жалдап тұрады. Оған ай-сайын алты-жеті мың төлейді. Тіркелейін десе, құжаттарының барлығы саяжайдағы дүкендерде кепілде жатыр, ішіп жеген азығы үшін.

Ибраимова Мухтарима, Ақмаралдың көршісі: «Балдары кей-кездері аш қалады. Жанымыз ашиды. Қолдан келгенше көмегімізді беріп тұрамыз. Кейде сабаққа баруға аяқ киім таба алмай қалады. Қыстың күні қатты қиналды. Отын-көмірлері де болмады».

Үлкен қызын төркіні қолдан келгенше оқытып, барлық шығынын мойындарына алып көмектеседі. Одан кейінгі ұлы Нұрсұлтан мектепті тастап, анасына қолқанат болып, көлік жууады көшеде. Қалған үшеуі мектепте оқиды.

Көп балалы анаға енді емделу керек. Бала шағасын туысқандардың қарауына тастай алмаймын деп отыр. Одан да балалар үйіне уақытша болса да қалдырғысы келеді. Ем-домын қабылдап, күн көрісін туырлап алғанша үкімет амалдай тұрса деп сұранады.

Ақмарал Мейірбекова, көп балалы ана: «Бұрындары жұмыс таңдамай істей беретінмін. Денсаулығым сыр бергені былай тұрсын, ауруым асқынған сайын  жұмысқа жарамай қалдым. Бір баламның көлік жуып тауып келген 700 теңгесі қай жыртығымызды жамайды. Оған екі нан, картошка, вермешель алып, күнделікті тамағымызды жейміз. Қатты қиналып кеттім, балаларды қатты уайымдаймын. Емделмек түгілі, дәрігерге келіп-кетуіме жол қаражатым жоқ. Оларды мектепке жіберерде қатты қысылып жылаймын. Киімдері де нашар. Қыстан қиналып шықтық. Енді оларды уақытша балалар үйіне орналастырып, өзім емделіп алсам деймін. Қай туысқаныма апарып тығамын, өз арбамды өзім сүйремеген соң, кімге жағамын. Олар біреудің баласына қайбір қарар дейсіз. Басқа амалым қалмады».

Ананың сұранысымен облыстық балалардың құқығын қорғау департаментіне бардық. Мамандардың айтуынша, Ақмаралдың сұранысын орындауға болады екен. Департамент басшылары тездетіп балаларын орналастыруға көмектеспек.

Мадина Әлиева, балалардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы:»Ия, өте ауыр жағдай. Мұндай да әрине көмек береміз. Балаларды балалар үйіне тездетіп орналастыруға тырысамыз. Тек құжаттары керек».

Анасының мүшкіл халін түсінген бала-шағасы, уақытша балалар үйіне баруға көніп отыр. Қара су ішсе де, бір-бірінен айрылып көрмеген отбасына бұл ауыр түсері анық.