Облыстық клиникалық аурухана жанындағы емхана дәрігерлері тұрғындарды тегін қабылдады

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы жанындағы онкологиялық емханада гинекологиялық обырды ерте анықтау және алдын алу бойынша ашық есік күні өтті. Шымкент және Түркістан облысының тұрғындары профилактикалық тексеруден тегін өтіп, жоғары білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. 

Дәрігерлер ауруды ерте сатысында анықтағанда емдеу әлдеқайда оңай екенін ескертеді. Бұл – қатерлі ісікке де қатысты. Түркістан облысының онкологиялық емханасында тұрғындар гинекологиялық обырды анықтау бойынша профилактикалық тексеруден тегін өтті.

Ақмарал Жұмабаева, тұрғын: «Ашық есік күні туралы таныстарымнан білдім. Бүгін міне, келіп, тексерілгелі отырмын. Менің ойымша, әр әйел өз денсаулығын тексеріп, бақылауы керек. Дәрігерлерге рахмет, келіп, тегін тексеруден өткізіп жатыр, бұл біз үшін өте ыңғайлы».

Жоғары білікті онкогинекологтардан кеңес алу үшін ашық есік күніне 60 жастағы Нұржамал Темірбекова да келіпті.

Нұржамал Темірбекова, тұрғын: «Осы клиниканың ашылғанын біліп, келініміз екеуміз келдік. Өзім қаралуға келдім.  Денсаулығымызда ешқандай кінарат жоқ деп ойлаймыз. Рақмет осындай клиниканың ашылғанына, жасым 60-та. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін!».

Әйелдер арасында онкологиялық патологияның ең көп таралған түрі – гинекологиялық қатерлі ісік. Бұл репродуктивті мүшелерге әсер ететін қатерлі ісік тобы. Қатерлі патологиялардың айла-амалдары аурудың бастапқы кезеңінде асимптоматикалық түрде кездеседі. Соның салдарынан науқастар дәрігер көмегіне тым кеш жүгінеді. Дәрігерлер ешқандай ауру мазаламаса да, уақтылы профилактикалық тексеруден өту қажет екенін айтады.

Рахим Адурасулов, Түркістан облыстық онкологиялық орталығының меңгерушісі: «Онкогинекологиялық ауруларға жатыр мойны обырын, аналық без обырын және эндометрия обырын жатқызамыз. Мұның ішіндегі ең күрделісі – жатыр мойнының қатерлі ісігі, сол себептен де Қазақстанда жатыр мойны обырының скринингі бар. Әр 4 жыл сайын әйелдер өздері тіркелген емханада гинекологтың тексеруінен өтуі керек. Аналық бездің қатерлі ісігі – клиникалық ауруды бастапқы кезеңдерде анықтау қиын болғандығымен қауіпті. Бұл негізінен асқазан ұлғайған кезде немесе ісіктің өзі үлкейгенде және ауырсыну пайда болған кезде анықталады».

Мамандар қатерлі ісіктен қорықпауға шақырады. Себебі, бүгінде классикалық емдеу үлгілері жаңа, тиімді әдістермен толықтырылған. Заманауи диагностикалық әдістердің арқасында қауіпті ауруды ерте кезеңде анықтауға болады.