Лас еркек – әйелге қатер

2146

Жатыр мойын ісігін дер уақытында емдесе, толықтай айығуға болады. Аты жаман аурудың асқынуының бір себебі – қыз-келіншектердің дер уақытында гинеколог-дәрігерге қаралмауына болып отыр. Салдарынан обыр дендеп, күш алғанда әйел жатырына ота жасалып, перзент сүю бақытынан айырылады.

Дерт жасарып барады

Облысымызда онкологиялық аурулармен ауыратын 13400 адам тіркеуге алынған. Олардың 1155-іне жатыр мойын ісігі диагнозы қойылған. Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұмағалидің берген мәліметіне сүйенсек, былтыр осы диагнозбен 200 адам есепке алынса, биылдың алғашқы төрт айында 51 науқас тіркелген. Аталмыш кесел басқа онкологиялық аурулардың көшінде бесінші орында екен.
Маманның айтуынша,
I орында – сүт безі ісігі;
ІІ орында – асқазан обыры;
ІІІ орында – өкпе қатерлі ісігі
IV орында – тері обыры тұр.
Дәрігер тұрғындардың арасында жатыр мойын ісігінің жасарып бара жатқанына да алаңдаулы. Айтуынша, бұрындары бұл қатерлі ісік түрі 50 жастан асқан әйелдерде жиі кездессе, қазір 25-29 жас шамасындағы қыз-келіншектердің арасында анықталып жатыр. Аталған дерт көбіне 45-49 жастағы әйел кісілердің арасында ұшырасады.

«Көнбесең, бір-ақ жыл өмір сүресің»

Кейіпкеріміз Шарипа Садыкова (аты-жөні өзгертілген) – жатыр мойын ісігімен ауыратындардың бірі. 40 жасқа енді толған ол бұл қатерлі дертке шалдыққанын осыдан 6 жыл бұрын біліпті.
«Мұндай болады деп кім ойлапты. Еш жерім ауырған жоқ, ешқандай белгілерін де байқамадым. Тіпті, талай тексеруден өткенімде, дәрігерлер де білмеген ғой» көз жасын сығып алған Шарипа оқиғасын былай баяндады.
«Балам 3 жасқа толғанда, жолдасым екеуміз тағы бір перзент сүйгіміз келді. Бірақ, жатырыма бала бітпеді. Сөйтіп, емделе бастадым. Гинеколог маған миоманың бар екенін, оны міндетті түрде алып тастау керегін айтты. Әуелде отаға келіспедім. Себебі, үрей басым болды. Қорықтым. Бір күні етеккірім әдеттегіден қатты, әрі ұзаққа созылып келді. Дәрігер «шұғыл ота жасату керек» деді. Сөйтіп, ота жасаттым. «Ота сәтті өтті»,- деді дәрігерлер. Енді біраз күн күтініп, содан кейін бала көтеруге әрекеттенуге болатынын айтты. Қуана-қуана үйге қайттым. Арада көп күн өтпей, учаскелік дәрігерім іздеп келді. Ота кезінде алынып тасталған жараны тексеру барысында, жатыр мойын ісігі анықталғанын хабарлады. Төбемнен жай түскендей болды. Есеңгіреп қалдым. Сөйтіп жүріп бір емес, он шақты дәрігерге қаралыппын. Тіпті, Ташкентке де барып қайттым. Сондағы дәрігердің айтқаны әлі есімде. «Бір балаң бар, соған шүкірлік ет. Бір перзентке де зар болып жүргендер бар. Сол балаң үшін ары қарай өмір сүруің керек. Ол үшін жатырыңды алдыртып, ем-дом қабылдайсың. Көнбесең бір-ақ жыл өмір сүресің» деген.
Дәрігерлік этикаға сәйкес, науқасқа бұлай айтуға болмайды. Бірақ, дәрігердің осы сөздері мені қамшылай түсті. Өмір сүруге деген жігерімді күшейтті. «Балам үшін барлық қиындықты жеңуім керек» деген мақсат пайда болды. Сөйтіп, ота жасатып, жатырымды алдырттым. Міне, содан бері 6 жыл өтіпті. Үзбей дәрілерімді қабылдаймын. Әр 6 ай сайын дәрігерге қаралып тұрамын. Жағдайым жаман емес. Жұрт қатарлы жұмыс істеймін»

Жатыр мойын ісігінің төрт сатысы бар

Жатыр мойын ісігіне шалдыққан келесі кейіпкеріміз 33 жаста. Жап-жас. Оқыған-тоқыған. Медицина саласында қызмет етеді. 10 жасар баласы бар. Бірақ, жұмыс-жұмыс деп жүріп, босанғаннан кейін бір де бір рет гинекологқа қаралмаған. Тек ауру алқымынан алғанда ғана, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бірақ тым кеш. Қазір химио-терапия қабылдап, уыстап дәрі ішеді. Аты-жөнін құпия қалдыруды құп көрген кейіпкеріміздің жағдайын оның онкогинекологы Рита Асабаева айтып берді.

– Жатыр мойын ісігінің 4 сатысы болады. Бірінші, екінші сатысында ешқандай ауырсыну және тағы басқа да белгілері болмайды. Тіпті гинекологиялық тексеру кезінде жатыр мойын ісігінің бар екенін анықтау мүмкін емес. Оны тек мазок (әйелдің жыныс жолдарынан алынатын сілекейлі сұйықтық) алып, биохимиялық тексеру арқылы анықтауға болады. Ал аурудың асқынған, үшінші не төртінші сатысында жыныс жолдарынан ірің, қан көрінеді. Жағымсыз исі пайда болады,-дейді онкогинеколог.

Күніне екі адам көз жұмады

Статистикаға көз жүгіртсек, Еуропада әр 18 минут сайын 1 әйел осы дерттен көз жұмады екен. Ал күнгейде күніне обыр ауруы диагнозымен 8 адам есепке алынады. 4 науқас қайтыс болса, соның екеуі – жатыр мойын ісігіне шалдыққандар. 100 әйелдің 30-ы ғана 5 жыл өмір сүреді. Қалған 70-і бес жылға жетпей көз жұмады. Ең өкініштісі – көз жұматындардың 90 пайызы репродуктивті жастағылар. Яғни, бала тууға қабілетті жастағы қыз-келіншектер. Бұдан аурудың қаншалықты қауіпті екенін аңғаруға болады.

Қауіпті вирусқа қарсы екпе жасалмайды

Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұманұлының айтуынша, диспансерлік есепте тұрған науқастардың 98 пайызында адам папилломасы вирусы (АПВ) анықталған. Демек, жатыр мойын ісігінің пайда болуына адам папилломасы вирусы себепші.
– Аталған вирустың тасымалдаушысы – ер адам. Яғни, егер жатырда қандай да бір эрозия, миома сынды жаралар болса, жыныстық қатынас кезінде, сол жараға папиллома вирусы түсіп, ауру пайда болады. Ескеретін тағы бір жайт, бұл вирус көбіне жыныстық серігін жиі ауыстыратындарда пайда болады. Бұл әйелге де, ер азаматқа да қатысты. Ал серігін алмастырмайтын адамдарда кездесу қаупі төмен. Десек те, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан да, жақындасуға дейін де, кейін де серігіңіздің де өзіңіздің де жеке бас гигиенасына мән беріңіз. Ескеретін жағдай мүшеқапты пайдалану арқылы вирусты жұқтырмауға болады деген түсінік қате. Мүшеқап вирустан сақтамайды,- дейді ол.
Алайда, бұл вирустың жатыр мойын ісігін тудыратыны дәлелденгенімен, елімізде бұл кеселге қарсы егу жұмыстары жүргізілмейді екен. Мұның да бірнеше себебі бар.
«Бірінші себеп – типті анықтау. Бұл үлкен мәселе болып отыр. Себебі осы вирустың 180 түрі бар. Әр науқаста оның әр түрі кездеседі. Қалай жұққанына байланысты, науқастың нәсіліне, жынысына, бойындағы түрлі ауруына және жасына қарай, егу жасалады. Мұның бәрі үлкен жұмысты талап етеді. Екінші себеп – вакцина 13 жасқа дейінгі қыздарға егілу керек. Содан кейін егілгенімен әсері болмайды. Үшіншіден, вакцинаның бағасы тым қымбат. Орта есеппен бір адамға – 500 доллар. Мұны еліміздің бюджеті көтермейді. Сондықтан да, әзірге біздің елде бұл кеселге қарсы вакцинация жүргізілмейді» деді дәрігер.

Сондай-ақ Дәулетбек Жұманұлы:
• Жыныстық өмірді ерте бастау;
• 16 жасқа дейінгі уақытта бала көтеру мен туу;
• Жыныстық жол арқылы берілетін қабыну аурулары;

• Түсік және түсіктен кейін жатырды тазартқанда;
• Эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да аурулары;
• Темекі тарту және гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану да аурудың пайда болуына әкеп соқтыратынын алға тартты.

120 мың адам тексеруден өтеді

Аты жаман аурудың ем-домы қандай? Онкогинеколог Рита Ескендірқызының айтуынша, қазір жатыр мойын ісігінің алдын алуда скринигтік тексерудің рөлі зор.
– Скринигтік тексеру арқылы дертті ерте сатысында анықтауға қол жеткізіп отырмыз. Бұл науқас үшін де, біз үшін де жақсы. Себебі, І, ІІ сатысында анықталған кеселден 100 пайыз айығуға болады. Ал, ІІІ, IV сатысына өтіп кетсе, емделмейді. Сондай жағдайда біз тек науқастардың ауырсынуын жеңілдетуге тырысамыз. Десек те, нәтижесі жаман емес. Науқастарға химиотерапия жасалады. Дәрілер беріледі. Сондай-ақ, есепке алынғандар әр 6 ай сайын тексеруден өтіп тұрады, -дейді Рита Асабаева.
Айта кетейік, биыл скринингтік тексеруден өтуге орын көп бөлінген. Мәселен қазір облыстық онкологиялық диспансерде онкологиялық аурулардың 3 түріне скринингтік тексеру жүріп жатыр. Біріншісі – сүт безі, екіншісі – тоқ ішек, үшіншісі – жатыр мойын ісігі. Сүт безіне скринингтен өтуге 95 мың адам қамтылу керек, тоқ ішек бойынша – 103 мың орын бөлінген. 120 мың адам облыстық онкологиялық диспансерінен жатыр мойнын тексерте алады.
Осы ретте Рита Асабаева барша нәзікжандыларды мейлі ол тұрмыстағы келіншек немесе мектеп жасындағы оқушы болсын әр 6 ай сайын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да, дәрігерге қаралу керегін айтады. Бұдан бөлек қыз балалардың жеке гигиеналық тазалығын сақтап, жыныстық қатынастан кейін қарапайым кір сабынмен жуынуды кеңес етеді.

ИМАМ СӨЗІ

Мұхамеджан Естеміров, ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне сүйене отырып жыныстық қатынастың көптеген әдептері белгіленген. Соның бірі – төсек қатынасы. Төсек қатынасы алдында «бисмилләһ» деп, сүннетте келген дұғаны айту. Хадис имамдары түгелге дерлік Абдуллаһ ибн Аббастан (р.а.) мына хадисті риуаят еткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Сіздердің біріңіз әйеліне жақындаспақ болса; «Бисмилләһ, Аллаһумма жәннибнәш-шайтан, уә жәннибиш-шайтана мә разақтана» деп айтсын. Егер осы (төсек қатынасының нәтижесінде) араларында бала пайда болса, ол балаға шайтан ешқашан зарар жеткізе алмайды».
Екіншісі, ерлі-зайыптылар төсек қимылы алдында жыныс мүшелерін жуып тазалағандары жөн. Мұндай тазалық ерге де әйелге де бірдей керек. Сүйіспеншілікті қоздыру жағынан ғана емес, түрлі аурулардан сақтайды. Сонымен қатар, әйелдердің өздеріне тән циклдік күндерінде күйеуімен қосылуына болмайды. Себебі, инфекцияның түсу қаупі жоғары. Түскен инфекция органдардың қабынуына және ауруға шалдықтыруы мүмкін. Тағы бір айта кететіні, етеккірі келіп жүрген әйелден жағымсыз иіс шығып тұрады, бір-бірінен жиіркенуге алып келуі де мүмкін. Сол себепті нәзік жандыларға тазалыққа өте қатты мән берген жөн. Әр жыныстық қарым-қатынас кезде міндетті түрде жуынып, таза киім кию-ге тырысыңыз»

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №21, 23 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті