Шымкентте ұлағатты ұстаз, педагог-ғалым , майдангер Балтабай Нұрлыбековтың 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Кеңес «Қазақстандық тарихи-педагогикалық ғылым-отандық мектептің инновациялық дамуының ғылыми-теориялық негізі» тақырыбы аясында өрбіді. Конференцияға ғалымның туған туыстарымен бірге, замандастары, шәкірттері көп жиналды. 40 жыл өңірдегі педагогикалық институтта еңбек еткен ұстаз, Республикамыздың оқу-ағарту саласын, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысындағы XIX-XX ғасырлардағы мектептердің тарихын зерттеген.
Алима Нұрлыбекова, Балтабай Нұрлыбековтың қызы, педагогика ғылымдарының докторы:
— Әкем тек ғылымды сүйіп өтті ғой. Міне , біз де сол даңғыл жолмен жүріп, педагог болып, шәкірттерге білім берудеміз. Әкем айтатын, мамандықтың ең асылы — ұстаздық деп. Қарап отырсаңыз, расында да бұл ерекше сала. Екінің бірі бұл салаға келе алмайды. Себебі, білімнің тереңін бойлау, онымен шектелмей шәкірт жүрегінің кілтін табу — нағыз педагог маммнға ғана тән. Сондықтан, әкемнің жүріп өткен жолына қарап, қызығамын әрі мақтан тұтамын. Елінің ертеңін ойлап, соғысқа да барды. Жау алдында кеудесін керіп, жеңіспен оралды. Халықтың қамын ойлап, кез келген кезеңді бастан өткерді. Расында, әкеме қандай құрмет көрсетілсе де жарасып тұр.
Әли Бектаев, ОҚО әкімінің орынбасары:
— Балтабай Нұрлыбековтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға жастардың көп жиналғанына қуанып отырмын. Жалпы, бұл кісінің еңбектерімен етене танысып шықтым.Педагогикалық талаптарға толығымен жауап беретін, ізденімге толы мақалаларын ұстаздың ұлағаттылығы деп білемін. Бастысы, қазіргі мамандарға бағдар беретін осындай ғылыми материалдар мен жағдайлар жасалып отыр.