Қылқалам шебері Ғани Іляевтың туғанына – 100 жыл

926
Хабибулла Іляев

Биыл КСРО суретшілер одағының мүшесі, қылқалам шебері Ғани Іляевтың туылғанына – 100 жыл. Өзіндік өрнегі бар дара тұлғаның құрметіне орай өңіріміздегі бейнелеу өнері мұражайында көрме ұйымдастырылды. Мәдени шараға келген көпшілік халық қазынасы, ондағы ұлттық құндылықтарды бейнелеген суретшінің ғана емес, оның ізін жалғаушы ұрпақтарының да еңбектерін тамашалауға мүмкіндік алды.

Хабибулла Іляев
Хабибулла Іляев
Ғ.Іляевтің еңбектері
Х.Іляевтің еңбектері

Хабибулла Іляевті көпшілік әйгілі Ғани Іляевтің немересі ғана емес, жастар арасындағы суреткер ретінде жақсы таниды. Қанық түсті және сұйық сиямен ғана бейнеге жан бітіретін ол бұл әдісті атасының шығармашылығына еліктеу арқылы еңсергенін айтады. Қылқалам шебері көрмеге келген көпшілікке осындай тәсілден туындаған 10-ға жуық еңбегін таныстырды.

Хабибулла Іляев, Ғ.Іляевтың немересі: «Біздің еңбектердің ерекшелігі сол – қайбір дүниені болсын, ол ғарыш әлемі ме әлде өзге табиғат құбылыстары немесе сезім болсын – оны тек қазақтың ұлттық ою-өрнектері арқылы жеткіземіз. Жәй ғана өрнек болып көрінгенімен, оның түбінде талай сыр мен маңыз-мағына жатыр деп мен марқая айта аламын.»

«Тақырыптық нобай», «Сырмақ», «Қызғалдақ», «Найзагүл». Көрмеге келген көпшілік әйгілі суретші Ғани Іляевтің ою-өрнекпен көмкерілген осындай құнды туындыларын тамашалады. Көшпенді халқымыздың төл тұрмысы мен ондағы бұйымдардың ерекшелігі де бейнелердің бойында. Ұлттық оюлардың шежіресін зерттей отырып, кілемшелер мен көне есік, сандық сынды қолданбалы мыңдаған дүниелерді қылқалам шебері жылдар бойы жинақтаған екен.

Айта өтетін ақпар, КСРО суретшілер одағының мүшесі, қылқалам шебері Ғани Іляевтың бүгінге дейін 5000-ға жуық бейнесі сақталған. Ал бұл жолғы мәдени шарада халық қазынасы, ондағы ұлттық құндылықтарды бейнелеген суретшінің 58 баға жетпес еңбегі таныстырылды. Ұлтымыздың тектілігі мен ұмыт қалған салт-жоралғысын жаңғыртатын айтулы көрме шарасы алдағы 10 күн бойы көпшілік назарына ұсынылмақ.